Главная » Статьи » Рефераты на казахском языке » Қазақстан және қазақтар туралы

Астана -бейбітшілік босағасы. Тарихи кақалалар. Қазақ елінің астаналары

1-тапсырма. Тілдесім. Сұхбаттасайық!

Асан: 
 Сәлеметсіз бе, Гүлжан! Жаңа Астанамызға қош келдіңіз! Жаңа, әрі жас Астанамыздың көрікті жерлеріне серуен жасайық.
Гүлжан:
 Асан, еліміздің астанасына менің алғаш келуім. Сол себепті де қаланың әсем жерлерін аралап, тарихи орындарына серуен жасағым келеді!
Асан: 
 Әрине, мен сен үшін бүгін қаламызды аралатуға дайынмын. Астанамызда соңғы кезде көптеген құрылыс қарқынды жүріп жатыр, көптеген жаңа нысандар салынып жатыр. Бізде ғажайып «Бәйтерек» монументі бар.
Гүлжан:
 Маған бәйтерек жайлы айтып бере аласыз ба?
Асан: 
 Әрине, бәйтерек – елордамыздың символы. Ол биік ағаш, ал оның ұшар басындағы алтын шар – қазақ елінің ертеңгі бақытының символы.
Гүлжан:
 Қызықты әңгімеңізге рахмет!

  2-тапсырма. Ой шақыру. Сіз де өз ойыңызбен  бөлісіңіз!

–    Ал сіз ше? Астанаға жолыңыз түсті ме?
–    Астанадағы қандай тарихи орындарды көрдіңіз? Әсеріңізбен бөлісіңіз.
–    Кешегі Ақмола мен бүгінгі Астананы салыстырып суреттеңіз.
–    Қазақстанның бұрынғы қандай астаналарын білесіз?

3-тапсырма. Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың мына сөздерін оқып, аударыңыз. Мағынасын түсіндіріңіз.

1.    «Біз Алатаудың баурайына сыймай кеткен жоқпыз, қайта жер жанаты Жетісуды қимай кеттік. Тарихтың қатал талабы осындай» 
2.    Ашығын айтайын, бұл шешімнің   біздің ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатысы бар. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз мекен еткен қасиетті қазақ жерінің бір бөлегін – аяулы Сарыарқаны саяси  саудаға  салып,  дархан даламызды  дау-дамайға  айналдырғысы келетіндер бар кезде, солтүстіктегі шұрайлы өңірге суық көзінің сұғын қадайтындар бар кезде біз мына жылы  жерде, әсем қала – Алматыда тыныш отыра алмас едік» 
3.    «Жаңа Астана – тарихи оқиға. Бұл  – елдің өз тәуелсіздігін алып, көк байрағын көтергенмен бірдей қуаныш»

–    Ұлттық қауіпсіздік дегеніміз не?
–    Президент осы жолдар арқылы не айтқысы келді?
–     Жер жанаты Жетісу дегенді қалай түсінесіз?
–     «Қатал талап» деген қандай талап?

4-тапсырма. Сөздікті пайдалана отырып,  жаңа сөздермен жұмыс жасаңыздар.

Бейбітшілік босағасы, Арқа, аманат, тұтастық, Сұғанақ қол, суық көз, жолбасшы.

5-тапсырма. Мәтінді оқыңыз. Түсініксіз сөздерді сөздіктен қараңыз.

Астана – бейбітшілік босағасы
   
      Далиып жатқан даланың әр тасы мен тауы қымбат. Бұл жерге бабалардың қаны,  аналардың көз жасы сіңген. «Түн отырмай, күн күлмей» аталар бізге осы жерді аманаттап кетті. Сұғанақ қол, суық көздерден қорғау үшін, тұтастығымызды сақтау үшін астананы Арқаға ауыстырды. 
       Астананы ауыстыру арқылы біз қазақ елінің қолынан іс келетінін, мақсат-мүддесіне жете алатын табанды халық екенін дәлелдедік. Алаш баласының басын Арқаға  біріктірдік. Астана – тұтастықтың, бірліктің символына айналды. 1999  жылы ЮНЕСКО Астанаға «Бейбітшілік қаласы» деген атақ берді. 
      Есілдің жағасындағы ерке қалаға бүгінде әлем назары ауып тұр. Қазір Қазақстанның басқа қалалары Астанаға қарап бой түзейді. «Астананың дамуы – Қазақстанның дамуы» деген бекер сөз емес. Астана басқа қалаларға жолбасшы ретінде танылды.         («Ана тілі» газеті № 24,  2009 ж)

6-тапсырма. Түсінігіңізді тексеріп, төмендегі сұрақтарға жауап беріңіз.
 
1. Аталарымыз бізге нені аманаттап кетті?
2. Арқаға астананы не үшін ауыстырды?
3. Астана ненің символы?
4. 1999 жылы Астана қандай атақ алды?
5. Астана туралы өз ойыңызды қосыңыз.

7-тапсырма. Сөйлемді толықтырыңыз. 

1.    Далиып жатқан даланың ......... қымбат. 
2.    Бұл жерге ......... қаны,  .......... көз жасы сіңген.  
3.    .....................   қорғау үшін, тұтастығымызды сақтау үшін астананы Арқаға ауыстырды. 
4.    Астананы ауыстыру арқылы ......... қазақ елінің қолынан іс келетінін, мақсат-мүддесіне жете алатын .... халық екенін дәлелдедік.  
5.     Астана – ..........  символына айналды.  
6.     Қазір Қазақстанның басқа ........ Астанаға қарап бой түзейді 

8-тапсырма. Сөйлемнің дұрыс, бұрыстығын дәлелдеңіз.

1.    Далиып жатқан даланың әр тасы мен тауы қымбат емес
2.    Бұл жерге бабалардың қаны,  аналардың көз жасы сіңген. 
3.    «Түн отырмай, күн күлмей» аталар бізге осы жерді аманаттап кетпеді.   
4.      1999  жылы ЮНЕСКО Астанаға «Бейбітшілік қаласы» деген атақ бермеді. 
5.     «Астананың дамуы – Қазақстанның дамуы» деген бекер сөз емес.
6.     Астана басқа қалаларға жолбасшы емес.
9-тапсырма. Өлеңді жаттап алыңыз. Тыңдалым. Орфоэпиялық нормаларға назар аударыңыздар.

 Сұлусың қандай, Астанам,
 Қызғанам сені басқадан.
 Жүректі жырға толтырып
 Жайнай бер мәңгі, жас қалам!

–  Бұрынғы немесе қазіргі астанаға арналған қандай өлеңдерді білесіз?

10-тапсырма. Көру диктанты. Берілген сөздер мен сөз тіркестерінің дұрыс жазылуына назар аударыңыз! Жатқа жазыңыз.

Елорда, бәйтерек, тарихи дата, XXI  ғасыр өркениеті, мәртебе, қарқынды құрылыс, нысандар.

Сөзіңіз құнарлы болсын.

Әркімнің өз елі – Мысыр шаһары.

11-тапсырма. Білгенге маржан! Мәтінді оқыңыз. Назар аударыңыз.

Қазақ елінің астаналары
     
    Қазақстан Республикасының ең алғашқы астанасы – Орынбор болды. Одан кейін  Қызылорда, 1929-1997 жылдар аралығында Алматы қаласы болды. 


Орынбор
    Орынбор – тұңғыш астана. 1920 жылы Қазақстан Ресейдің құрамындағы автономиялы республика болып құрылды. Орынбор бас қала болып жарияланды.  Орынбор ол кезде қазақ жерінің бір бөлегі болатын.
    1731жылы  Әбілқайыр хан Ресейге қарау туралы ант берген. Орынбордың кадет корпусында қазақтың 30-дан астам жастары білім алған.  Олардың арасынан белгілі қоғам қайраткерлері –  Халел Досмұхамедов, ағайынды Сейдалиндер болған. «Айқап» журналы осы қалада басылып шықты. 
    Орынборда қазақтың көптеген марқасқа ұлдары, атап айтқанда,                               А. Байтұрсынұлы, С. Сейфуллин, М. Дулатов, М. Шоқайлар жұмыс істеп, еңбектер жазған.
Қызылорда
     1925 жылы Қазақстанның астанасы  Орынбордан  Қызылордаға көшті. Сөйтіп Ақмешіт, қазіргі Қызылорда астана болып бекітілді. Ол кезде сыр табиғаты өте әсем болатын. Аз уақыттың ішінде астанаға талай қазақ зиялылары жиналды.
    Қалада тұңғыш музыка театры ашылды. Онда Қалибек Қуанышбаев, Серәлі Қожамқұлов,  Шара  Жиенқұлова сынды өнер майталмандары еңбек етті. Қазір өнер ордасының орнында Нартай Бекежанов атындағы облыстық театр ғимараты бой көтерді.
Алматы
    1929 жылы астана Қызылордадан Алматығы көшірілді. Басын мәңгілік қар басқан  ғажайып Алатаудың етегінде орналасқан бұл қала астана  болуға әбден лайықты еді.  
   Алматы – көне қала. Археологтардың айтуынша бұдан екі мың жыл бұрын да қала болған. Ежелгі заманның өзінде-ақ «Алматы» деп аталған. 1854 жылы «Кіші Алматы» өзенінің бойында қала іргетасы  қаланған. Сол кезде әскери бекініс болған. Алматыға «Верный» деген ат берілген. 1921 жылы қалаға  ежелгі Алматы деген атауы қайта берілді. 

Астана
    1997 жылдың 16 желтоқсанынан бастап, Қазақстан астанасы Ақмолаға көшірілді. Қаланың іргетасы 1824 жылы қаланған. 1997 жылдың 16 желтоқсанынан бастап Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының жаңа астанасы болып жарияланды. Ал Президенттің 1998 жылдың 6 мамырындағы Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді.
Елордада ғажайып бір ғимарат бар. Ол – «Астана-Бәйтерек» кешені. Бәйтерек биік ағаш. Бұл сөздің ауыспалы мағынасы «тірек, сүйеніш» дегенді білдіреді. Ұзындығы 97 метр. 
    Ресейдің экс-президенті Борис Ельцин Астанаға келгенде: «Бәйтерек» – ғажайып құбылыс! Оның ұшар басындағы  алтын шар – қазақ елінің ертеңгі бақытын елестетіп тұрғандай», – деп таңдай қағыпты. Ал, Мәскеу мэрі Юрий Лужков: «Астананың даму қарқыны Гиннестің рекордтар кітабына енуге лайықты!» деген екен. 

–     Осы қалалар туралы мәліметтерді өз білгеніңізбен толықтырыңыз.
–    Қалай ойлайсыз, астаналарды көшіру қандай мұқтаждықтан тууы мүмкін?

12-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн!
Етістіктің жедел өткен шағы.

     Жедел өткен шақ қимылдың тез арада жасалып өткенін сенімді түрде білдіреді. Жедел өткен шақ етістіктің түбіріне -ды, -ді, -ты, -ті жұрнағы тікелей жалғануы арқылы жасалады. Одан кейін жіктік жалғауының қысқа түрі жалғанады.  Мысалы, Ол кеше келді. Мен сабақ айттым. Сіз қазір келдіңіз. 

13-тапсырма.   Мәтінмен жұмыс. Түсінігіңізді тексеріп, сұрақтарға жауап беріңіз.

 Қазақстан Республикасының астаналарын ретімен, жылдары бойынша  атап шығыңыз.

14-тапсырма. Мәтіндегі жедел өткен шақта тұрған сөйлемдерді табыңыз.

15-тапсырма. Мына сөйлемдерді жедел өткен шақтан бұрынғы өткен шаққа айналдырыңыз.

1.    «Айқап» журналы осы қалада басылып шықты. 
2.    Қалада тұңғыш музыка театры ашылды.
3.    1997 жылдың 16 желтоқсанынан бастап Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының жаңа астанасы болып жарияланды. 
4.    Ал Президенттің 1998 жылдың 6 мамырындағы Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді.
5.    1921 жылы қалаға  ежелгі Алматы деген атауы қайта берілді. 
6.    Сұғанақ қол, суық көздерден қорғау үшін, тұтастығымызды сақтау үшін астананы Арқаға ауыстырды.
7.    Алаш баласының басын Арқаға  біріктірдік. 
8.    Астана – тұтастықтың, бірліктің символына айналды. 
9.    1999  жылы ЮНЕСКО Астанаға «Бейбітшілік қаласы» деген атақ берді. 
10.      Астана басқа қалаларға жолбасшы ретінде танылды. 
   
Глоссарий

     Астана – мемлекеттің саяси, әкімшілік, экономикалық, мәдени орталығы, елдікті, ұлттық бірлікті білдіретін бас қала. Астана ұғымы мемлекет, билеуші, лауазымдар түсініктерімен қатар қалыптасты. Қазақ тарихында ел билеушілердің тұрағын, билікті жүзеге асырушы орынды Орда деп атаған (Саяси түсіндірме сөздіктен).

Тест тапсырмалары

1. Астанаға «бейбітшілік қаласы» атағы қай жылы берілді?

А. 1998 жылы
Б. 2000 жылы
С. 2001 жылы
Д. 1999 жылы

2. 1997 жылы Астана қаласы қандай мәртебеге ие болды?

А. Бейбітшілік қаласы мәртебесіне
Б. Елордалық мәртебеге
С. Қаржы орталығы мәртебесіне
Д. Сауда орталығы мәртебесіне

3. «Бәйтерек»  сөзінің ауыспалы мағынасы қандай?

А. Зәулім, ғажайып
Б. Тұтастық, бірлік
С. Тірек, сүйеніш
Д. Өркениет, мәртебе

4.    Жедел өткен шақты сөйлем қай қатарда?

А. Ол кезде сыр табиғаты өте әсем болатын
Б. Бұл жерге бабалардың қаны,  аналардың көз жасы сіңген
С. 1731 ж. Әбілқайыр хан Ресейге қарау туралы ант берген
Д. «Айқап» журналы осы қалада басылып шықты

5. Бұрынғы өткен шақтың жұрнағы жалғанған сөйлем қай қатарда? 

А. Қалада тұңғыш музыка театры ашылды
Б. Ал Президенттің 1998 жылдың 6 мамырындағы Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді
С. 1999  жылы ЮНЕСКО Астанаға «Бейбітшілік қаласы» деген атақ берді 
Д. А. Байтұрсынұлы, С. Сейфуллин, М. Дулатов, М. Шоқайлар жұмыс істеп, еңбектер жазған

Студенттердің білімін тексеру үшін бақылау сұрақтары:

1.    «Астананың даму қарқыны Гиннестің рекордтар кітабына енуге лайықты!» деген пікірді айтқан кім?
2.    Етістіктің жедел өткен шағы дегеніміз не? Жұрнақтары  қандай, мысал келтіріңіз. 
3.    ЮНЕСКО Астанаға қай жылы «Бейбітшілік қаласы» деген атақ берді?
4.    Мына сөздерді бұрынғы өткен шақтан  жедел өткен шаққа айналдырыңыз: 
           Қаланған, орналасқан, білім алған, болған, берілген. 
    5.   Жедел өткен шақтың бұрынғы өткен шақтан қандай айырмашылығы бар? 

СӨЖ тапсырмасы: «Астана – арман қала» тақырыбына шағын эссе жазу.
 

Категория: Қазақстан және қазақтар туралы | Добавил: Manager (26 Ноября 2017)
Просмотров: 84 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar