Главная » Статьи » Рефераты на казахском языке » Қазақстан және қазақтар туралы

Қазақстан дипломаттары

 1-тапсырма. Ой шақыру.

–    Қазақстанның дипломатия тарихы қай кезден басталады деп ойлайсыздар?
–    Қазақ тарихында қандай мәмілегерлер болды?
–    Тәуелсіз Қазақстанның дипломатия тарихын қай жылдармен байланыстырар едіңіз?

2-тапсырма. Жаңа сөздермен жұмыс. 

Ғасырлар қойнауы, әйгілі көсемдер, ұлттық көшбасшылар, шығыстанушы, кеңесшісі,  кәсіби шеберлік, мемлекет қайраткері.
    
3-тапсырма. Мәтінді оқыңыздар.

Қазақстан дипломаттары
   
     Отандық дипломатияның бастауы ғасырлар қойнауына кетеді. Қазақ мемлекетінің қалыптасуының және орнығуының тарихымен тығыз байланысты. XV  ғасырдың ортасында пайда болған Қазақ хандығының әскери-саяси және сауда-экономикалық мүдделерін қорғау оның орасан зор аумағын  сыртқы қол сұғушылықтан сақтау – осы міндеттерді дипломатиялық майданда ұстамды және ойластырылған іс-қимылды талап етті. Сондықтан да сол дәуірдегі Қасым хан,  Тәуке хан, Абылай хан, Әбілқайыр хан сияқты көрнекті ұлттық көшбасшылар еңбегі көшпелі руларды біртұтас мемлекетке біріктіруде, тәуелсіздікті нығайтуда ғана көрінбейді. Сонымен бірге, осы ерекше маңызды мақсатқа қол жеткізу үшін қолайлы сыртқы жағдайлар туғызудан да байқалады. 
     Тарихтың жаңа сатысында қазақ халқының әйгілі көсемдері бастаған игілікті істі тәуелсіз Қазақстанның Президенті Н.Ә. Назарбаев жемісті түрде жалғастыруда. Президентіміздің табанды күш-жігерінің арқасында Қазақстанды мүлде жаңа тарихи жағдайларда әлемдік қауымдастық таныды, тәуелсіз мемлекет ретінде оның халықаралық позициясы нығайды, Қазақстан өзінің шарттық міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарайды және дәйекті түрде ғаламдық сондай-ақ аймақтық қауіпсіздікті нығайтуды жақтайды. 
    Қазақстандық дипломатияның тарихы туралы айтқанда әйгілі отандасымыз  Нәзір Төреқұловтың тұлғасын назардан тыс қалдыра алмаймыз. Н. Төреқұлов  кеңестік кезеңнің мемлекет қайраткері, көрнекті шығыстанушы, журналист, предагог, КСРО-дағы тұңғыш елші-қазақ.
    Қазақстандық дипломаттарға тиісті құрмет көрсете отырып, Мәлік Фазыловты атап өту керек. Ол 1940 жылдарың аяғында Мәскеу Мемлекеттік халықаралық институтын бітірді. 1970 жылдан бастап Кеңестер Одағының Малидегі елшісі болып тағайындалды. Нәзір Төреқұловтан кейінгі жоғары дипломатиялық қызметпен айналысу құрметіне ие болған бірінші (және соңғы) біздің отандасымыз болды. Өзінің елшілік мансабын Мароккода аяқтады. Кейін бірнеше жыл Қазақстанның Сыртқы істер министрінің кеңесшісі қызметін атқарды.
     Мемлекттік институттар жүйесінде сыртқы саяси ведомоствоның  позициясы мен беделін нығайтуда Михаил Есенәлиев үлкен үлес қосты.  Ол болашағы бар мамандарды іріктеумен белсенді түрде айналысты, кейін жария саясатта және дипломатияда көзге түсті. 
    Ірі ғалым-әдебиетші Мүсілім Базарбаев республиканың ведомоствосының қызметінде елеулі із қалдырды. Оның КСРО Сыртқы  ісер минстрі басшыларының арасында үлкен беделі болатын. Олар М. Базарбаевтың саяси көзқарасы мен жеке басының қасиеттерін жоғары бағалады.
   Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі болудың жоғары құрметін Төлеутай Сүлейменов иемденді. Осы қызметке тағайындалғанға дейін үлкен өмір жолынан өтті. Ол КСРО-ның Дипломатиялық Академиясын бітірген соң Ирандағы Кеңес елшілігінде кеңесші, Мазари-Шарифте (Ауғанстан) консул сипатында еңбек етті.
      Көптеген белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Төтенше және Өкілетті елшілер болды: Мырзатай Жолдасбеков (Иран), Ерік Асанбаев (ГФР), Мұхтар Шаханов (Қырғызстан), Олжас Сүлейменов (Италия, Грекия, Мальта), Тамас Айтмұхаметов (Пакистан), Төлеген Жүкеев (Корея Республикасы), Бірғаным Әйтімова (Израиль), Нұртай Әбіқаев (Ұлыбритания, Ирландия) т.б. 
    Қазіргі жұмыс істеп жүрген дипломаттарды алмастыруға келетін жастардан жоғары деңгейдегі кәсіби шеберлік талап етіледі. Келесі ұрпақтың дипломаттары күрмеуі мол әлемдік саясатты, әлемдік рыноктың тыныс-тіршілігін айрықша жақсы білуге міндетті. Әлемдік және отандық тарихты, әдебиетті және өнерді игеруге тиіс. Халықаралық қоғамдастықта біздің еліміздің мүдделерін жемісті түрде алға жылжытуға және қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жан-жақты білім жиынтығына қол жеткізуі керек.

4-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. Түсінігіңізді тексеріңіз.

1. Қазақтың көрнекті қолбасшылары кімдер болды?
2. Олардың елдігімізді сақтауда қандай ролі болды?
3. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы дипломат тұлғалар кімдер болды?
4. Өзіңіз тағы кімдердің есімдерін осы қатарға жатқызар едіңіз?

5-тапсырма. Мәтінге сүйене отырып, сөйлемнің дұрыс, бұрыстығын дәлелдеңіз.

1.     Отандық дипломатияның бастауы ғасырлар қойнауына кетеді. 
2.    Қазақ мемлекетінің қалыптасуының және орнығуының тарихымен тығыз байланысты емес.
3.     Тарихтың жаңа сатысында қазақ халқының әйгілі көсемдері бастаған игілікті істі тәуелсіз Қазақстанның Президенті Н.Ә. Назарбаев жемісті түрде жалғастыруда.
4.    Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі болудың жоғары құрметін Төлеутай Сүлейменов иемденді. Осы қызметке тағайындалғанға дейін үлкен өмір жолынан өтпеді.
5.    Қазіргі жұмыс істеп жүрген дипломаттарды алмастыруға келетін жастардан жоғары деңгейдегі кәсіби шеберлік талап етпейді.

6-тапсырма. Лексикалық минимум. Түсініктеме жазыңыз.
Қол сұғушылық, көрнекті ұлттық көшбасшылар, саяси көзқарас.

7-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн! Салт және сабақты етістіктер.

     Салт және сабақты етістіктер. Етістік заттың қимыл-әрекетін білдіретіні белгілі. Мысалы: сен кел, ол барды. Тек қимылды ғана білдіріп тұр. Қимыл жасайтын затты атауды қажет етпейді. Мұндай етістіктер салт етістік деп аталады. Сонымен бірге, қимылға түсетін зат болады, яғни қимылдың объектісі болады. Мысалы: кітапты оқыды. Кітап – объект. Бұл сабақты етістік.

8-тапсырма.  Мәтіндерден салт және сабақты етістікті табыңыздар.
 
Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:

1.    Отандық дипломатия тарихы қашаннан басталады?
2.    Қазақстан дипломатия тарихындағы көрнекті тұлғаларды атаңыз.
3.    Салт етістік дегеніміз не? Мысалдар келтіріңіз.
4.    Сабақты етістік дегеніміз не? Мысалдар келтіріңіз.
5.    Олардың айырмашылығы қандай?

СӨЖ  тапсырмасы: Мәлік Фазылов жайында реферат дайындап келіңіз.

Категория: Қазақстан және қазақтар туралы | Добавил: Manager (26 Ноября 2017)
Просмотров: 111 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar