Главная » Статьи » Рефераты на казахском языке » Қазақстан және қазақтар туралы

Қазақстанның Еуропа елдерімен қатынасы

1-тапсырма. Жаңа сөздермен жұмыс.

Аймақ, ерекше маңызды іс, Ынтымақтастық кеңесі, сала, келісім, мүмкіндік, қарым-қатынас, өзгертулер, ғаламдану кезеңі, сапар.

 2-тапсырма. Ой шақыру.

–    Қазақстан қандай Еуропалық елдермен байланыс орнатқан?
–    Бұл байланыстар бізге не береді?

3-тапсырма. Мәтінді оқыңыздар.

Қазақстанның қатынастары

       Еуропа Одағы елдері, атап айтқанда, Австрия, Бельгия, Германия, Грекия, Дания, Италия, Испания, Ирландия, Люксембург, Нидерланды, Ұлыбритания, Португали, Франция, Финляндия, Швеция әлемдік саясатта және экономикада ерекше маңызды іс атқарып отыр.
       1995 жылғы 15 ақпанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің сыртқы саясаты мәселелері бойынша кеңес өткізді. Өз сөзінде Елбасы Қазақстанның келешек ұзақ мерзімді кезеңде ерекше мүддесі Еуропа Одағымен байланысты екендігін, бұл одақ басқа аймақтардың мемлекеттерімен қатынаста, ең алдымен, сауда-экономикалық салада, бүкіл Еуропа атынан саясат жүргізетіндігін атап өтті. Еуропа Одағының Қазақстанмен саяси қатынасты дамытуға дайын тұрғанын көрсете келіп, бұл мүмкіндікті толығынан пайдалану қажеттігін көрсетті. 1995 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан – Еуропалық Одақ арасында «Әріптестік және ынтымақтастық туралы» келісімге қол қою басталып, он бес мемлекет өз парламенттерінде бекіткен соң, 1999 жылы шілде айында күшіне енді. Ынтымақтастық кеңесі және парламентаралық ынтымақтастық комитеті құрылды. Ынтымақтастық кеңесінің мәжілісінде атом энергиясы және ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша келісімдерге қол қойылды.
2000 жылы 11 шілдеде Брюсселде «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» ынтымақтастық кеңесінің екінші мәжілісі болды. Тараптар әріптестік және ынтымақтастық келісімнің орындалу барысын талқылап, әсіресе, сауда мен инвестиция, демократияны дамыту, есірткі саудасына бақылауды күшейту, т.б. мәселелерге ерекше назар аударды.
       Тараптар сыртқы сауда көлемінің көбеюіне негіз – Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүшелікке өтуі болып табылады деген шешімге келді. 1947 жылғы Сауда және тариф жөніндегі бас келісім 1995 жылдың қаңтарында «Дүниежүзілік сауда ұйымы» болып қайта құрылды. Қазіргі кезде оған 140 мемлекет мүше. Әлемдік базарға шығарылатын тауарлар мен өнімдердің 90 пайыздан астамы осы елдердің үлесіне тиеді. Отыз мемлекет (олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Қытай бар) ДСҰ-ға мүше болу сатысында тұр. Қазақстан 1996 жылдан бастап мүшелікке қабылданудың төменгі сатыларынан өтіп, бас сатысына жетті. Осы жылдар аралығында елімізде кеден, стандарттау, сертификаттау, патенттік құқық мәселелерін реттейтін заңдық құжаттарға өзгертулер енгізілді.
       Қазақстанға техникалық көмек көрсететін Еуропалық Одақтың ТАСИС бағдарламасы 1995 жылға дейін 95 миллион доллар көлемінде қаржы бөлді. 2001 жылғы 9 сәуірде ТАСИС бағдарламасы, ең алдымен, күйзелген әйелдерге, мүгедектерге, жұмыссыздарға, сауатсыздарға, үйсіздерге, жетім балаларға, кәрі кісілерге нақты көмек көрсету қажеттілігін жариялады. Қазақстанға  Еурокомиссияның техникалық бөлім бастығы Браиан Толлдың мәліметі бойынша ТАСИС бағдарламасы Қазақстанға жалпы есебі 111,6 миллион евро көлемінде көмек көрсеткен. 
      Қазақстан мен НАТО арасындағы қарым-қатынас та дұрыс шешімін тапты. «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасы – осы беделді ұйыммен ынтымақтасудың неғұрлым пайдалы түрі. Оған қазірде 46 мемлекет қатысып отыр, оның ішінде Қазақстан да бар.
       Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 1992 жылғы қаңтар айынын бастап қатысады. 1994 жылғы 5 желтоқсанда Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастық ұйымының Будапештегі мәслихаты кезінде ядролық державалар – Ресей Федерациясы, АҚШ, Ұлыбритания тарапынан Қазақстан қауіпсіздігіне берілетін кепілдіктер туралы меморандумға қол қойылды.

4-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. 

1.    Мәтінге сұрақтар дайындаңыздар.
2.    Абзац бойынша түсінгендеріңізді айтыңыздар.

5-тапсырма. Мәтіннің жалғасын оқыңыздар.

      Германия Федерациялық Республикасы Қазақстанмен дипломатиялық қатынасты 1992 жылы 11 ақпанда орнатқан болатын. Бонн дипломатиясы Қазақстанға қатысты үш мақсат қойды: Қазақстанның бай табиғи шикізат қорларын пайдалану, оның нарық экономикасына өтуіне және демократияның дамуына мүмкіндік беру, Қазақстандағы неміс диаспорасының Германияға жаппай қоныс аударуын қысқарту.
     Қазақстанның Ұлыбританиямен қатынасы 1991 жылдың қыркүйегінде басталған болатын. Сол кезде Британия премьері Маргарет Тэтчер бір сапарын Алматыға жол-жөнекей аялдама жасайтындай етіп жоспарлап, Президент Н. Назарбаевпен кездесті. М. Тэтчерді толғандырған мәселелер – біздегі ракеталар тағдыры және ядролық қаруды басқа елдерге сату екендігі аталды. Президент Н. Ә. Назарбаев еліміздегі ракеталардың қауіпсіз екендігіне, күзеттің мықты екеніне және ядролық қару сатпақ ниетіміз жоқ екеніне сендірді. Өз кезегінде М. Тэтчер егер Қазақстан өз алдына мемлекет болып шықса, оның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне кепілдік беру керектігіне Еуропа мемлекеттері басшыларының көздерін жеткізуге уәде берді. Сол жылы қазан айында Президент Н. Назарбаев Лондонда арнаулы сапармен болды. Қазақстан мен Ұлыбритания арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылғы 19 қаңтарда орнатылған болатын.
      Қазақстан мен Франция арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы 25 қаңтарда орнатылды. Екі жақты қатынастың дамуындағы басты кезең Президент Н. Назарбаевтың 1992 жылғы қыркүйектегі Францияға ресми сапары болып табылады. Онда достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 
      Қазақстан мен Италия арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы 12 шілдеде орнады. 1994 жылғы 22 қыркүйекте Президент Н. Назарбаевтың Италияға ресми сапары басталды. Екі ел – мемлекеттер арасында егемендік теңдікті, аумақтық тұтастықты құрметтеу, шекаралардың мызғымастығы, дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешу принциптерін қолдайтындықтарын мәлімдеді. 
       Қазақстан мен Нидерланды арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы 10 қыркүйекте орнатылды. Екі ел арасындағы сыртқы экономикалық айналым 1994-1999 жылдары екі миллиард доллардан асты, 2000 жылы бұл көрсеткіш 300 миллион долларды құрады, ал 2001 жылдың алғашқы үш айында 62 миллион доллар болды.
       Қазақстанның Швейцариямен де қатынасы үнемі дамып келеді. 1993-1998 жылдары Швейцария елімізге 97,5 миллион доллар көлемінде тікелей инвестиция жұмсады. Ал 1998 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 394 миллион доллардан асты.
     Сонымен, Қазақстанның Еуропа елдерімен қарым-қатынасы қазіргі ғаламдану кезеңіне сәйкес дамып отыр деген қорытынды жасауға болады                       (С. Абдулпаттаев. «Халықаралық қатынастар және Қазақстанның сыртқы саясаты» кітабынан).

6-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. Мәтінге сүйене отырып, сұрақтарға жауап беріңіздер.
1.    Еліміз Германиямен  дипломатиялық қатынасты қашан орнатты?
2.    М. Тэтчерді толғандырған нендей мәселелер?
3.    Қазақстанның басқа елдермен қатынастары қалай орныққан?

7-тапсырма.  Мәтінге сүйене  отырып, сөйлемдердің дұрыс, бұрыстығын дәлелдеңіздер.

1.    1995 жылғы 15 ақпанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің сыртқы саясаты мәселелері бойынша кеңес өткізді.
2.    Қазақстанға техникалық көмек көрсететін Еуропалық Одақтың ТАСИС бағдарламасы 1995 жылға дейін  25  миллион доллар көлемінде қаржы бөлді
3.    Қазақстан мен Нидерланды арасында дипломатиялық қатынас 2010 жылы 10 қыркүйекте орнатылды.
4.    Қазақстан мен Франция арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы 25 қаңтарда орнатылды.
5.    Қазақстан мен Ұлыбритания арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылғы 19 қаңтарда орнатылған болатын.

8-тапсырма. Жаттығу жұмыстары. Берілген сөз тіркестерін пайдалана отырып, сөйлем құраңыздар.

Аумақтық тұтастық, дипломатиялық қатынас, ынтымақтастық келісім, демократиялық даму.

9-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн! Жалқы есімдер және жалпы есімдер.  

Зат есім  мағынасына қарай жалпы есім және жалқы есім болып екіге бөлінеді. 
     Бір түрлі заттың жалпылама атын жалпы есім дейміз.  Мысалы: қала, тау, көл, адам. Бұлар – бүкіл қалаға, тауға, көлге, адамдарға ортақ атаулар. 
   Бір түрлі заттың ішінен біреуінің арнаулы атын жалқы есім дейміз. Мысалы: Алматы, Алатау, Балқаш, Асқар. 
Жалқы есімдер: 
   1. Кісі аттары мен тегі;
   2. Жер-су аттары;
   3. Газет-журнал, кітап,  ән-күй аттары;
4.    Мекеме, ұйым, фабрика, фирма атаулары;
5.    Мал мен хайуанаттарға арналаған атаулар.

10-тапсырма. Ойнайық, әрі ойлайық. Топ болып жарысу.

Белгілі бір дыбыстан басталатын жалқы есімдерді жазудан топ болып жарысу. Үлгі:  А дыбысынан  басталатын  жер-су аттары:
Алатау, Ақтөбе, Ақадыр т.б. 

11-тапсырма. Мәтіндерден  жалқы және жалпы есімдерді табыңыздар.

12-тапсырма. Мына сөздердің дұрыс айтылу, жазылуына назар аударыңыздар.

Аумақтық тұтастық, мүмкіндік, өзара түсіністік, мызғымастық, кепілдік.


 Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:

1. Қазақстан Еуропаның қандай елдерімен байланыстар орнатты?
2. Бұл байланыстар қай жылдардан басталды?
3. ТАСИС бағдарламасы Қазақстанға  қанша  көлемде көмек көрсетті? 
4. Жалпы есім мен жалқы есім дегеніміз не?
5. Қазақстан мен НАТО арасындағы қарым-қатынаста қандай бағдарлама жасалды?

СӨЖ тапсырмасы:  Қазақстан мен Еуропа елдерінің соңғы 10 жылда жасаған қарым-қатынастары туралы реферат жазып, қорғаңыздар.
 

Категория: Қазақстан және қазақтар туралы | Добавил: Manager (26 Ноября 2017)
Просмотров: 301 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar