Главная » Статьи » Рефераты на казахском языке » Қазақстан және қазақтар туралы

Қазақстанның ресми мерекелері тәуелсіздік - сан ғасырлық күрестің өтеуі

 1-тапсырма. Ой шақыру. Пікірлесейік!

– Мереке күні қандай күн?
– Мереке күндерін атап өтудің адам үшін, қоғам үшін қаншалықты мәні бар?
–    Сіз қандай мерекелерді білесіз?

2-тапсырма. Жадыңызға тұтыңыз!

Қазақстан  Республикасының мемлекеттік  мерекелері:

Ұлттық мереке: 16 желтоқсан – ТӘУЕЛСІЗДІК күні

1-2 қаңтар – Жаңа жыл
7 қаңтар – Рождество мейрамы
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні
21-23 наурыз – Наурыз мейрамы
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі
9 мамыр – Жеңіс күні
6 шілде – Астана күні
30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні

Басқа атаулы күндер:
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні
21 маусым – Медицина қызметкерлерінің күні
1 қыркүйек – Білім күні
1 қазан – Қарттар күні
3 қазан – Ұстаздар күні
25 қазан – Республика күні
15 қараша – Ұлттық валюта күні
17 қараша – Студенттер күні
1 желтоқсан – Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күні

3-тапсырма.  Шағын мәтінді оқыңыз.

   Мерекенің екі түрі бар: бірі – үкіметіміз ресми түрде бекіткен мерекелер, екіншісі – ресми емес, ұлттық мерейтойлар. 
      Қазақстан Республикасы егеменді, тәуелсіз ел. Қазақстанның тәуелсіздік күні желтоқсанның он алтысында. Тәуелсіздік күні, Конституция күні, Республика күні – ұлттық ресми мереке күндері. Әйел-аналар күні, Наурыз мейрамы, Халықаралық Ынтымақтастық күні, Жеңіс күні – бұлар  бұрыннан тойланып келе жатқан ресми ұлттық мерекелер. 
    Ал, екіншісі – 1991 жыл – тұңғыш рет  Қазақстан Президенті                            Н.Ә. Назарбаевтың сайланған жылы. 1998 жыл мемлекетіміздің жаңа астанасының Ақмолаға көшіп, Астана аталуы (Казахский язык. А.Ш. Бектурова, Ш.К. Бектурова).

4-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңіз.

1. Мерекенің қанша түрі бар?
2. Қазақстан қандай ел?

5-тапсырма. Тәуелсіздік шежіресі.  Білгенге маржан, білмеске арзан!

1991 жыл 
1 желтоқсанда ҚР тұңғыш Президентінің тұңғыш жалпыхалықтық сайлауы өтті.
10 желтоқсанда Алматыда ашылған Жоғары Кеңестің жетінші сессиясында Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атауға шешім қабылданды.
12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстандағы             1986 ж. 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылғандарды ақтау туралы» Жарлығы шықты.
16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы  Жоғары Кеңесінде салтанатты түрде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданды.
21 желтоқсанда   11 тәуелсіз мемлекеттер басшылары Жаңа Достастықтың тұсауын кесіп, КСРО-ның таратылғанын жариялаған Алматы декларациясы қабылдады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) құрылды.

1992 жыл
7  қаңтарда  «Каззолото» Өндірістік бірлестігі тәуелсіз Қазақстанның алғашқы     5 алтын және 3 күміс кесектерін мемлекеттік қоймаға сақтауға берді.
10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының ішкі әскерлері туралы» Жарлығы шықты.
14 қаңтарда Қазақстан Үкіметі белгіленген тәртіп бойынша Халықаралық валюта қорына қосылу үшін ресми тапсырыс жолдады.

18 қаңтарда Алматыдағы кино үйінде режиссер Талғат Теменовтің желтоқсан оқиғасы бойынша түсірілген «Қызғыш құс» атты көркем фильмінің премьерасы болып өтті.
22 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа мүшелер қабылдау жөніндегі комитеті Қазақстанды БҰҰ-ға қабылдау жөніндегі шешімді бірауыздан мақұлдады. Түпкілікті шешім ақпан айында өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясында қабылданатын болды.
1 ақпанда Прагада өткен Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық жөніндегі кеңестің сессиясында тұңғыш рет Қазақстан жалауы қадалды.


1993 жыл
14 сәуірде Президент Н. Ә. Назарбаев «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңына қол қойды.
13 қарашада  Қазақстан Республикасы Президентінің ұлттық валюта – теңгені енгізу туралы шешімі жөнінде Қазақстан Республикасы  Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы мен Қазақстан Республикасы  Министрлер  кабинетінің қаулысы шықты.    Президент Н. Ә.Назарбаевтың ұлттық валютаға көшуге байланысты Қазақстан Республикасы азаматтарына, барлық халықтарына Үндеуі жарияланды.
 
1994 жыл
30 маусымда құрамында қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев бар ғарыш кемесі ұшты.
6 шілде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президенттің ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі ұсынысын мақұлдау жөнінде қаулы қабылдады.

1995 жыл
30 тамызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.

1998 жыл
6 мамыр Президент жарлығымен  Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласы Астана болып өзгертілді.

1999 жыл
7 мамырда Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевқа «Халық  Қаһарманы» атағы берілді (Ана тілі  газеті. №50, 17-23 желтоқсан 2009 ж.)

  6-тапсырма.  Ой бөлісейік!

–    Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне қанша жыл?
–    Тәуелсіздік дегенімізді қалай түсінесіз?
–    Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін бізге не қажет?
–    Тәуелсіздікті әлі күнге дейін армандап жүрген қандай елдерді білесіз?

7-тапсырма.  Жаңа сөздермен жұмыс жасаңыз. Ұлық мереке, шын жүректен, асыл мұрат, еңселі ел, дархан дала, қасиетті күрес, аса беделді, еркіндік, көтеріліс.

8-тапсырма.  Президент Н. Ә. Назарбаевтың құттықтау сөзін түсініп оқыңыз.


Той – тойлау үшін емес, ой ойлау үшін керек.

        Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесімен – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Иә, бұл шын мәнінде ұлық мереке. Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың ең асыл мұраты еңселі ел болу еді. Мұнан 18 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы мына дархан даланың төсін қанымен, терімен суарған ата-бабамыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі дейміз.  Арғы замандарды айтпағанның өзінде, тек кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыз өз бостандығы жолында екі жүзден астам көтерілістерге шыққаны – осының дәлелі.  
   Біз мемлекет құра алдық.
   Біз бірлікшіл ел болып құралдық.
   Біз ел болып тұра алдық.
   Қазақстанымыз 2010 жылға бүкіл бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасынан, бүкіл түркі тілдес елдер арасынан, бүкіл мұсылман әлемі арасынан Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы сынды аса беделді ұйымға тұңғыш төраға болып сайланды.
    Тәуелсіздіктің бізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек.  Туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Нағыз тәуелсіздікке тәуекел еткендер ғана жетеді (Ана тілі  газеті. № 50, 17-23 желтоқсан 2009 ж.)

9-тапсырма.  Мәтінмен жұмыс. Түсінігіңізді тексеріңіз, сұрақтарға жауап беріңіз.

1.     Президент бұл сөздерді кімдерге арнады?
2.     Той не үшін керек?
3.     Ата-бабаларымыздың тәуелсіздік жолындағы тағы қандай ерліктерін білесіз?
4.     2010жылы Қазақстан қандай беделді ұйымға төрағалық етті?
5.    Тәуелсіздік бізге не берді, артар міндеттері қандай?

10-тапсырма.   Жаңа сөздермен жұмыс. Таныс емес сөздерді сөздіктің көмегімен аударыңыз. Қасиетті, құдіретті, жасампаздығымыздың, салтанат құру, шежіре, төзім, азап, мақтаныш, парасат пен пайым, ұстаным, қажырлы күрес, жаңа белес.

11-тапсырма. Мәтінді оқыңыз.

Тәуелсіздік – сан ғасырлық күрестің өтеуі

     Тәуелсіздік және Тіл. Қазақ үшін бұл екеуі де қасиетті. Екеуі де құдіретті.
      16 желтоқсан – алты Алаштың айбынын асырған, ата-бабамыздың ілкі арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні. 
       Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған қажырлы күресінің өтеуі, Қазақстан жұртшылығының арман-мұратының салтанат құруы. Сан түрлі кедергілер мен ауыр сындарға қарамастан, ел тәуелсіздігінің әрбір қадамы  біздің жүрегімізді айрықша толғанысқа бөлейді. Кеудемізді мақтаныш кернейді. Қазақстан үшін жиырма бірінші ғасыр тарихының парағы парасат пен пайымға толы. Ата Заңымыздың арқасында еліміз либералды демократиялық даму жолына түсті. 
      Қазір мемлекетіміздің басты ұстанымы – азаттықтың мән-мағынасын  нақты іспен толықтырып, бекіте түсу. 
      Біз жаңа демократиялық қоғам құру үстіндеміз. Көп нәрсені өз тәжірибемізден өткеріп, көп нәрсені үйреніп жатырмыз. Қазақстанда саяси тұрақтылық  пен  ұлтаралық татулық берік сақталған.  Президентіміздің белсенді сыртқы саяси қызметінің  арқасында еліміз тұтас  Еуразия құрлығында тұрақтылықты сақтау жолында шешуші рөл атқарып отыр.
 Өткенге көз жіберсек, сөз жоқ,  жетістіктеріміз көп. Басты байлық жай ұлттық мүдде емес, ол жеке азаматтардың мүддесі мен қажеттілігі де болып табылады. 
      Тәуелсіздікті жастар жанындай сезінуі керек. Жастар – жасампаздықты жалғастырушылар. Олардың алдында осыдан он сегіз жыл бұрын басталған Жаңа  Қазақстанның болашақ шежіресін жазу міндеті тұр (Оралбай Әбдікәрімов,  ҚР Парламенті Сенатының депутаты. «Ана тіл» газеті 2009 ж. № 50).

11-тапсырма. Түсінігіңізді тексеріңіз.

1.  Қазақ үшін нелер қасиетті?
2. Тәуелсіздік ненің өтеуі?
3. Қазақстан дамудың қандай жолына түсті?
4. Жастар – кімдер?
5. Аға буын жастарға қандай міндет артады?

12-тапсырма. Дұрыс жауабын табыңыз.

      16  желтоқсан – алты Алаштың айбынын асырған, ата-бабамыздың ілкі арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Бейбітшілік күні. 
1.    Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған қажырлы күресінің өтеуі емес.
2.    Қазақстан үшін жиырма екінші ғасыр тарихының парағы парасат пен пайымға толы.     
3.    Қазір мемлекетіміздің басты ұстанымы – азаттықтың мән-мағынасын  нақты іспен толықтырып, бекіте түсу емес. 
4.    Біз жаңа демократиялық қоғам құру үстіндеміз.   
5.    Тәуелсіздікті жастар жанындай сезінуі керек. Жастар – жасампаздықты жалғастырушылар. Олардың алдында осыдан он сегіз жыл бұрын басталған Жаңа  Қазақстанның өткен шежіресін жазу міндеті тұр.  

13-тапсырма. Мәтінге сүйене отырып, көп нүктенің орнына қажетті сөздерді қойып жазыңыз.     

1.     Қазақ үшін бұл екеуі де ..........  .  
     
2.      Сан түрлі кедергілер мен ауыр сындарға қарамастан, ел тәуелсіздігінің ..........   біздің жүрегімізді айрықша толғанысқа бөлейді. 
3.    Кеудемізді .......... кернейді.   
4.     Қазір мемлекетіміздің .......... – азаттықтың мән-мағынасын  нақты іспен толықтырып, бекіте түсу. 
5.    Біз жаңа ......... құру үстіндеміз.  
6.     Қазақстанда саяси т..........  пен  ұлтаралық ........... берік сақталған. 
7.    Президентіміздің белсенді сыртқы саяси қызметінің  арқасында ......тұтас Еуразия  құрлығында тұрақтылықты сақтау жолында шешуші рөл.  
    
14-тапсырма.  Өлең жаттайық!

Республика! Ерікті ел – Қазақстан,
Келді ақыры көп күткен жаз алыстан.
Келді алыстан аңсатып, армандатып,
Торды бұзған мен де бір мәз арыстан  (Жұбан Молдағалиев).

15-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн!

Зат есім. Деректі, дерексіз зат есімдер. 

    Заттың, құбылыстың атын білдіретін сөзді зат есім дейміз. Мысалы: ағаш, күн, адам, қуаныш.
Зат есім кім? не? деген сұрақтарға жауап береді. 
Зат есімнің құрамында көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын деректі заттар болады. Мысалы: нан, кітап, үй. Бұлар деректі зат есімдер деп аталады.

Көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын, оймен танылатын дерексіз заттар болады. Мысалы: арман, қуаныш, ақыл, сана, үміт. Бұлар дерексіз зат есімдер деп аталады.
 
16-тапсырма. Ойнайық та, ойлайық!
(Топ екіге бөлініп, тақтаға жарыс түрінде мәтіндегі деректі, дерексіз зат есмідерді бөліп жазады).

17-тапсырма. 

Сөздік
Тарих – история
Кешен – комплекс
Нұсқа – вариант
Сәулетші – архитектор

Тәуелсіздік монументі
     
      Тәуелсіздік монументі 1996 жылы 16 желтоқсанда Алматы қаласында орнатылды. Бұл монументті жасауға көптеген мүсінші, сәулетшілер атсалысты. Бұл монумент қазақ тарихының асыл қазынасы. Монументте сымбатты алтын батыр бейнеленген. Оның басында сүйір дулыға бар. Жас жауынгер-аңшы қанатты барыс үстінде орнатылған. Монументтің алты нұсқасы жасалынды. 1995 жылы 13 шілдесінде ҚР Президенті                             Н.Ә. Назарбаевтың Алматыда Тәуелсіздік монументін орнату туралы қаулысы жарияланды. Жасалынған жобалардың ең үздік нұсқасы қабылданды. Монументтік кешен Республика алаңына орнатылды                 (С. Тәшімбай. Қазақ тілі). 

–    Мәтінге сұрақ дайындаңыздар.

18-тапсырма. Тәуелсіздік сөзіне антоним, синоним болатын сөздерді табыңыз. 

19-тапсырма. Сөз тіркестерін сәйкестендіріңіз.
 
 Тәуелсіздік                                    дала
 Алаштың                                       таңы
 Монументтік                                 айбынын
Тәуелсіздік                                     монументі
Дархан                                            кешен

Тест тапсырмалары

1.    Қате жауапты табыңыз.

А. Тәуелсіздік монументі 1996 жылы 16 желтоқсанда  Астанада  орнатылды
Б. 1995 жылы 13 шілдесінде  Н.Ә. Назарбаевтың Алматыда Тәуелсіздік монументін орнату туралы қаулысы жарияланды
С.Тәуелсіздік монументі 1996 жылы 16 желтоқсанда Алматыда орнатылды
Д. Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төраға болып сайланды

2. Деректі зат есімдер қай қатарда?

А. Монумент, мүсінші, сәулетші.
Б. Азап, төзім,  арман, еркіндік.
С. Шілде, маусым, желтоқсан.
Д. Бейбітшілік күні, Жаңа Қазақстан, сымбатты алтын батыр.

3. Тәуелсіздік монументі қай жылы орнатылды?

А. 1995 жылы 13 шілдесінде
Б. 1996 жылы 16 желтоқсанда
С.  1994 жылы 30 маусымда
Д.  1998 жылы 6 мамырда


4. ҚР   Президентінің тұңғыш жалпыхалықтық сайлауы қай жылы өтті?

А. 1996 жылы
Б. 1995 жылы
С. 1998 жылы
Д. 1991 жылы

5.  Тәуелсіздік ненің өтеуі?

А. Демокртияның
Б. Жасампаздықтың
С. Сан ғасырлық күрестің
Д. Татулықтың


Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:

1.    Тәуелсіздік күні қай күн?
2.    Біз Тәуелсіздікке ненің арқасында жеттік?
3.    Тәуелсіздік монументі қайда орналасқан?
4.    Зат есім дегеніміз не?
5.    Зат есімнің сұрақтары қандай, мысал келтіріңіз.
6.    Соңғы мәтіннен зат есімдерді табыңыз.
7.    Оларды деректі, дерексіз топтарға жинақтаңыз.

СӨЖ тапсырмасы:  «Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбына  эссе  дайындап келу.
 

Категория: Қазақстан және қазақтар туралы | Добавил: Manager (26 Ноября 2017)
Просмотров: 93 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar