Главная » Статьи » Рефераты на казахском языке » Қазақстан және қазақтар туралы

Қазақтың салт-дәстүрлері


1-тапсырма. Мына сөйлемді оқып, аударыңыз. Қалай түсінгеніңізді айтып беріңіз.

«Қандай халықтың болмасын салт-дәстүрлері осы ұлттың мінез-құлқын, қасиеттерін көрсетеді» (С. Кенжахметұлы).

 2-тапсырма. Жаңа сөздер жаттайық.

Сөздік
Салт-дәстүр – традиция
Мәдениет – культура
Қоғам қайраткері – общественный деятель
Ұрпақ – поколение, потомства, потомок.
Әдет-ғұрып – обычаи, обряды.
Жөн-жосық – правила касающиеся обычаев традиции, положение вещей.
Мәрттік, жомарттық – щедрость.
Ырым – поворье,  вера в приметы.

  3-тапсырма. Ой шақыру. Пікірлесейік.

 Салт-дәстүр дегеніміз не?
 Салт-дәстүрдің қандай түрлерін білесіз?
 Ата-аналарыңыз ұстанып жүрген салт-дәстүрлері туралы айтып бере аласыз ба?
 Салт-дәстүрді ұстанудағы мақсат не деп ойлайсыз?
 Тобымыздағы басқа ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлері жайлы  сұрау.

4-тапсырма. Мәтінді түсініп оқыңыз.

Қазақтың салт-дәстүрлері

      Қазақ халқы – салт-дәстүрге өте бай ел. Бұл – оның мәдениетті әрі тәрбиелі ел екендігінің айғағы. Белгілі қоғам қайраткері  Н. Шайкенов: «Ұлт дәстүрі – заңнан биік» деген. Демек, салт-дәстүрлі ел – мықты, әрі тұғыры берік ел. Біздің халқымыз өз ұрпақтарына ғасырдан-ғасырға ұлт қасиетін салт-дәстүрмен, өнегені әдет-ғұрыппен, үлгіні жөн-жосықпен, әдепті ырым, тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген. Ұлттық тәлім адамгершілік тәрбиенің аса сенімді жолы екенін көрсетті. Отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, қайырымдылық  осы ғажайып жол арқылы дарыған. 
     Қазақ халқының салт-дәстүрлері тіршілік кәсібіне, наным-сеніміне, өмірге көзқарасына байланысты, ұрпақтан-ұрпаққа берілгенде өзгеріп, ауысып, жаңарып отырады. 
     Дана халықтың өзі жасаған осы әдет-ғұрып пен жөн-жосықты біліп, үйрену және өмірде қолдану – ағайынды   адастырмас сара жол (С. Кенжахметұлы. «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті»)

5-тапсырма. 

–    Қазақ халқы қандай ел?
– Халқымыз ұл-қызын қалай тәрбиелеген?
– Белгілі заңгер Н. Шайкенов не дейді?

6-тапсырма. Сөзіңіз құнарлы болсын! Мағынасын түсіндіріп беріңіз.

Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа!

Алты жасар бала алыстан келсе,
Алпыстағы шал сәлем береді.

Қонақ аз отырып, көп сынайды.

Орамал тон болмайды, жол болады (Қазақ мақал-мәтелдері).

–    Өзіңіз тағы да қандай мақал-мәтелдерді білесіз? Дәптеріңізге жазыңыз.

7-тапсырма. Қысқа мәтіндерді оқып, көкейіңізге түйіңіз.

Ас қайыру
Асты «бісіміллә» деп бастайтын қазақ тамақтанып болған соң, оны батамен қайыратын әдетінен әлі күнге жаңылған жоқ. Мұны ас қайыру деп атайды. Ас қайыру тілек, батамен айтылады. Оны қара сөзбен де, өлеңмен де, тақпақтап жеткізуге де болады.

Тарту-таралғы
Халық таныған елдің құрметті адамдарына сый-сыяпат жасаудың бір жолы –оларға тарту-таралғы ұсыну. Бұл – қалыптасқан ел дәстүрі. Сол адамның мәртебесін арттыру, еңбегін бағалау. Батырды, ақынды, шеберді, шешенді халық осылай бағалап, осылай сыйлаған. Мұндай тартуға жүйрік пен жорға, қара нар, қалы кілем, құндыз бөрік, зер шапан сияқты бағалы қымбат бұйымдар жатады. Егер атағы шыққан адамдар келіп, оларға мұндай құрмет жасалмаса, жолдан жығылады. Бұл – азаматқа үлкен мін, кемшілік, әрі ұят іс. Тарту – елдің кеңдігін көрсеткен тәрбиелік мәні бар әдет-ғұрып. 

Ауызашар
Көрші-қолаң немесе туыс, көңілі жақын адамдардың ораза ұстаған кісілерді кешкілік тамаққа шақырып, батасын алуы.

Шашу
Қуаныш, той, мереке күндері құрт, ірімшік, кәмпит сияқты тағамдардан және тиындардан шашу шашылады.

Ақсарбас
Түрлі қауіп-қатерге ұшырағанда әр қазақ баласы: «Ақсарбас! Ақсарбас!» деп үш рет айқайлайды. Алладан: «Жанымды аман қалдыра көр!» - деп тілек тілейді.  Аман қалғандар құдайыға мал шалады.

–    Мәтіндерден не түсінгеніңізді қысқаша айтыңыз?
–    Өзіңіз тағы қандай дәстүрлерді білесіз?
–     Салт-дәстүрлердің халық өмірінде алатын орны қандай?

8-тапсырма. Мәтіндерге сүйене отырып, сөйлемді толықтырыңыз.

Қазақ халқы – ......... өте бай ел. Бұл – оның ....... әрі ......... ел екендігінің айғағы. Белгілі қоғам қайраткері Н. Шайкенов: ............. деген. Демек, салт-дәстүрлі ел – мықты, әрі тұғыры берік ел.  Ұлттық тәлім ........... аса сенімді жолы екенін көрсетті. .............  осы ғажайып жол арқылы дарыған. 
   Халық таныған елдің ........  сый-сыяпат жасаудың бір жолы – оларға тарту-таралғы ұсыну. Бұл – қалыптасқан .......... .        Сол адамның ............ .   

9-тапсырма. Білгенге маржан, білмеске арзан! 

Қазақ халқының ырымдары

Қазақ баласын санамайды.
Қыз бала басына ақ, қара  орамал тартпайды.
Жүкті әйел шашын кессе, іштегі  бала кемтар болып туылады.
Нәрестенің ит көйлегін далаға тастамайды.
Бейуақытта қарыз алуға немесе қарыз беруге болмайды.

Әйел әдептері

Жас келіндер қара шаңырақтың немесе ақсақалы бар үйдің төріне шықпайды.
Әйелдер жолаушының, еркектің алдын кесіп өтпейді.
Қазақ әйелдері кісіге қарсы қарап отырмай, бір қырымен отырған.
Ақсақал, ата-ене, қайнаға алдында келін дауыс көтеріп сөйлемейді.

Жөн-жоралғы

Жеті атаға толмай некеге рұқсат етілмейді.
Қара шаңырақ кенже ұлға қалады.
Көршімен тату тұру – жақсы қасиет.
Ұзатылған қыз жыл толмай төркініне келмейді. Ол әбестік, ұят іс.
Өнеге

Ата-бабадан қалған мүлікті, киімді, бағалы заттарды, мекен-жайды көздің қарашығындай сақтайды.
Әр ата-ана балаларына ата-тегі, жеті атасын, ел-жер тарихын үйретуге міндетті.
Қайтыс болған адам туралы ғайбат сөз айтпайды.
Таңертеңгі асты тастамайды. Себебі, қазақта  «Таңғы ас – тәңірден» деген сөз бар.

10-тапсырма. Бұл өнегелі сөздерді оқып, өз білгендеріңізбен толықтырыңыз.

11-тапсырма. Өз пікіріңізбен бөлісіңіз.

–    Қалай  ойлайсыз, бүгінгі күндері ата-бабамыз ұстанған осы дәстүрлері  неліктен жоғалып кетті?

12-тапсырма. Жағдаяттық тапсырма. 
   
Алыс шет елден бір жақсы танысыңыз келді. Өз еліңіздің әдемі бір салт-дәстүрін әңгімелеп беріңіз.

13-тапсырма. Мына сөздермен сөйлем құрастырыңыз.
Салт-дәстүр, үлгі-өнеге, әдеп, жөн-жоралғы. 

14-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн! Қос сөздер. 
Қос  сөздер  –  екі сөз қосарланып, бір лексикалық мағынада айтылған сөз тұлғасын қос сөз дейміз. Мысалы: ыдыс-аяқ, әке-шеше, киім-кешек. 

Қос сөздер:
1.    Қосымшасыз қос сөздер: ата-ана, тау-тау, ине-жіп.
2.    Қосымшалы қос сөз: балалы-шағалы, бет-бетіне, кімде-кім.
3.    Күшейтпелі буынды қос сөз: қып-қызыл, ап-ашық, үп-үлкен.

15-тапсырма. Жоғарыдағы мәтіндерден  қос сөздерді табыңыз. 

16-тапсырма. Аударма жұмысы. Мәтінді қазақ тіліне аударыңыз.
      Каждое важное событие у казахского народа связано с той или иной традицией, зародившейся в глубокой древности. Исторически сохраненный народом целый комплекс обычаев наполняет смыслом жизненный путь человека, не дает ему сбиться с этого пути. Если бы родители, учителя, аксакалы сумели пробудить в молодежи стремление следовать народным традициям, наше общество стало бы намного нравственнее. 

17-тапсырма.  Ойнайық та ойлайық!
   Екі топ болып, қос сөздер жазудан жарысайық.

Глоссарий

Дәстүр – [ лат. Tradıtıo – сабақстастық] – әлеуметтік-мәдени мұраның ұзақ уақыт бойына адамдар атадан балаға қалдыратын, әдетке айналған, сол қоғамның немесе әлеуметтік топтың құндылықтар жүйесі мен ережелеріне ұласқан бөлігі.

Тест тапсырмалары

1.    Қос сөздер қай қатарда?

А.  Жеті атаға толмай некеге рұқсат етілмейді
Б.  Қара шаңырақ кенже ұлға қалады
С.  Көршімен тату тұру – жақсы қасиет
Д. Әдет-ғұрып пен жөн-жосықты өмірде қолдану – ағайынды   адастырмас сара жол

2.    Қосымшалы қос сөз  қай қатарда?
 
А. Әр ата-ана балаларына ата-тек,   ел-жер тарихын үйретуге міндетті
Б. Салт-дәстүрлі ел – мықты, әрі тұғыры берік ел
С.  Сый-сыяпат жасаудың бір жолы – оларға тарту-таралғы ұсыну
Д. Көрші-қолаң немесе туыс, көңілі жақын адамдардың ораза ұстаған кісілерді кешкілік тамаққа шақырып, батасын алуы

3.    Қай қатардағы қос сөздер қазақ халқының салтына байланысты?

А. Ата-ана, кәрі-құртаң, әке-шеше жігіт-желең, қыз-қырқын.
Б. Тарту-таралғы, жөн-жосық, салт-дәстүр, әдет-ғұрып.
С. Қып-қызыл, әп-әдемі, сап-салмақты.
Д. Ине-жіп, ыдыс-аяқ,  киім-кешек, тау-тау.
 
Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:

1. Қос  сөз дегеніміз не?
2. Ол қалай жасалады?
3. Халықтық салт-дәстүрлер дегеніміз не?
4. Салт-дәстүрлердің халық өміріндегі, жеке адам өміріндегі маңызы қандай?
5. «Әдеп» сөзін қалай түсінесіз?
6. Қос сөздің қандай түрлері бар, мысал келтіріңіз.

СӨЖ тапсырмасы. «Менің халқының салт-дәстүрлері» тақырыбына әңгіме жазу.

Категория: Қазақстан және қазақтар туралы | Добавил: Manager (26 Ноября 2017)
Просмотров: 101 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar