Главная » Статьи » Рефераты на казахском языке » Қазақстан және қазақтар туралы

Дала заңдары Жеті жарғы

Дала ойшылдарының афоризмдерінен

Даланың заңдары тек достық пен бауырластыққа негізделген (Анақарыс).

 1-тапсырма. Ой шақыру. 

–    Заң дегеніміз не?
–    Заңның біздің өмірімізде алатын орны?
–     Тәуке хан туралы не білесіз?

2-тапсырма. Сөзіңіз құнарлы болсын! 

Өміріңе қауіп-қатер төніп тұрса да, ел-жұртың ұялатын, руыңа кір келтіретін нәрсеге аяқ баспа (Халық даналығының 100 тағлымы).

–    Сіз қалай ойлайсыз, осы айтылғанға қосыла аласыз ба?

3-тапсырма Тірек сөздермен жұмыс. Сөздікті немесе оқытушы көмегіне сүйеніңіз.

Жарғы, бүлік, өлім жазасы, опасыздық, тұсаулы, өреде тұрған, төбелес, мертігу, мүлік, айып.

4-тапсырма. Тәукенің жеті жарғысын оқыңыз. 

Жеті жарғы – 17 ғ. аяғы мен 18 ғ. басында қалыптасқан қазақ құқықтарының жиынтығы. Өмірге әкелген — Тәуке хан мен оның билері. Мұны олар Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» деп атады.

Ол жарғыдағы негізгі баптар мыналар:

1-жарғы (бап). Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын. 
2-жарғы (бап). Түркі халықтарының мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын. 
3-жарғы (бап). Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын. 
4-жарғы (бап). Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзғандарға өлім жазасы бұйырылсын. 
5-жарғы (бап). Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлікті ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын. 
6-жарғы (бап). Төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегі мүліктей құн төленсін: 
а) біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді, қызы болмаса, қыздың қалың малын беруге тиіс; 
ә) төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі ат береді. 
7-жарғы (бап). Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүліктер үшін он есе артық айып төленсін.

5-тапсырма. Түсінігіңізді тексеріңіз.

1.    Әр бапта не туралы айтылған?
2.    Жеті Жарғы мен біздің Ата Заңымыздың ұқсас тұстары бар ма?
3.    Қалай ойлайсыз, Тәукенің жарғысынан біздің заманымызға лайықты пайдаланатын тұстары бар ма?

6-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн. Бұйрық рай. 

Бұйрық рай деп  қимылды жасау я жасамауды басқадан талап ететін, қимылға қозғау салатын рай аталады. Сөйлеуші  – бұйрық беруші, бұйрық иесі. Бұйрық – субъектінің пікірі, қимыл – әлі шындық өмірде жоқ қимыл. Бұйрық бірінші жақтан беріледі де, екінші, үшінші жақтағы адамға арналады.
Мысалы:  I. Мен барайын, кетейін, сөйлейін;
       II. Сен бар, кет, сөйле Ǿ;
              Сіз барыңыз, кетіңіз, сөйлеңіз;
        III. Ол барсын, кетсін, сөйлесін.


7-тапсырма. Жоғарыдағы Жеті жарғы қай формада жазылған? Назар аударыңыз.

8-тапсырма. Тірек сөздермен жұмыс жасаңыздар. 

Мұрагерлік, Қазақ хандығы, билік, әділетті, бірлік – береке, сүрлеу, би, ынтымақ.

Сөзіңіз құнарлы болсын! Қазақ афоризмдері

Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді (Майқы би).

Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ.
–    Нақыл сөзден не түсіндіңіз?
–    Алтау, төртеу деген кімдер?

9-тапсырма. Мәтінді оқыңыз.

Жәңгірұлы Тәуке хан
      Жәңгірұлы  Тәуке хан (1626-1718) – Қазақ хандығының ханы, Салқам Жәңгір ханның баласы. Шешесі – қалмақтың хошоуыт тайпасының билеушісі Кунделен-тайшының қызы. Мұрагерлік жолмен Қазақ хандығының билік тізгінін қолға алған кезде (1680 ж.) Тәуке ел ағасы жасына келіп ақыл тоқтатқан, мемлекет ісіне араласып, мол тәжірибе жинақтаған білікті жан болатын. Сондықтан да ол таққа отырып, әке ісін алға жалғап, оның саясатын жүргізгенімен, оны жүзеге асыруға келгенде бұрынғы сүрлеумен кетпей, өзіндік жаңа жолмен жүрді. Тәукені өзге қазақ хандарынан ерекшелеп, оның шын мәнінде көреген басшы, ақылды реформатор екенін танытатын қасиеті де осы өзіндік жолмен жүруінде. Бұл ретте ол ұлы бабасы Қасым ханға қарай бейімделеді.
     Тәуке ханның елі үшін сіңірген ерен еңбегі екі қырымен айрықша назар аударады. Бірі – елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізіп, анталаған көп дұшпанға бел алдырмағаны. Екіншісі – елдің ішкі жағдайын реттеудегі саяси-құқықтық тәртіпті орнатуы. Ол төңірегіне топтан торай шалдырмайтын, сыртқа сыңар сабақ жіп алдырмайтын, бір ауыз сөзімен жұртты жатқызып-өргізетін, беделімен елдің бірлік-берекесін кіргізетін ақыл иелерін жинап, халқын солар арқылы басқарды, ақыл-ой, парасат  үстемдігін орнатты. Тарих дерегі сол кезде Тәукенің қасында Ұлы жүз Әлібекұлы Төле, Орта жүз Келдібекұлы Қазыбек, Кіші жүз Байбекұлы Әйтеке, қырғыз Қарашораұлы Көкім, қарақалпақ Сасық би, қатаған Жайма секілді халықтың ішінен уақыттың өзі екшеп шығарған, даналық сөзімен, әділетті ісімен, қара қылды қақ жарған тура билігімен аттары бұл күнде аңызға айналған атақты билердің болғанын айтады. Осындай алыптардың замана тынысын тамыршыдай тап басып танып, халықтың басын қосып, елдің бірлік-берекесін кетірер ішкі дау – жанжалды, барымта – сырымтаны тиып, елді ынтымақта ұстау мақсатында ой тоғыстырып, бір бағытта игілікті іс-қимыл жасау арқасында  Қазақ хандығының жағдайы күрт жақсарып, сыртқа айбарын асырды.  Жұрт ерді ел қолдаса –  береке, ханды ел қолдаса мереке екенін көрді. Сол себепті де Тәуке хан ел билеген кез –  халық есінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш берекелі заман болып қалды.    Бірақ, бұл, әрине ол кезде ешқандай шапқыншылық болған жоқ, бірыңғай бейбіт күн туып, қазақ халқы сыртқы жаудан қаймықпай алаңсыз ғұмыр кешті дегенді білдірмесе керек. Керісінше, Тәукенің кезінде қалмақтармен қақтығыс жиілей түспесе, кеміген жоқ. Сонау 1681 жылғы қалмақтың қоңтайшысы Галдан Бошоктудың қалың қолмен Шу өзенінің бойына жетіп, Сайрам қаласын қоршағаннан басталған шабуылдар легі кейін оның немересі Цеван Рабтан билік басына келген кезде де толастаған емес. Ұсақ қақтығыстарды есептемегеннің өзінде 1711-1712, 1714, 1717 жылдары қазақ пен қалмақ арасында ірі соғыстардың болғаны белгілі. Бұл арада мәселе елдің өз ішінде тыныштық орнауында, халық арасында ырыс қазығы – ынтымақтың берік қағылып, ағайынаралық алауыздықтың жойылуында, осыған ұйытқы болған ел басшысының төңірегіне халықтың ақыл-ойының жоғары көтерілуінде. Сондықтан тарихшылар Тәукені «Қазақ ордасының Ликургі» деп бағалайды.
      Тәуке ханның тұсында тұрақты  хан кеңесі, билер кеңесі жұмыс істеп, жыл сайын үш жүздің шонжарларының съезін өткізу қалыптасты. Тарихқа «Жеті жарғы» деген атпен енген Тәуке ханның заңдарын зерттеушілер қазақтардың бұған дейінгі қолданылып келген әдеттегі құқық нормаларының бір жүйеге келтіріліп, толықтырылған нұсқасы деп қабылдайды.
Тәуке хан билік басында өте ұзақ, әбден қартайып, қаусаған шал болғанша отырып, 1718 жылы өз ажалынан қайтыс болды (Интернет материалдарынан ықшамдалып алынды).

10-тапсырма. Түсінігіңізді тексеріңіз.

1. Тәуке кім?
2. Тәукенің ел үшін сіңірген айрықша еңбектерін атаңыз.
3. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған»  заман дегенді қалай түсінесіз? 
4.    Тарихшылар Тәукеге қандай ат берді?

11-тапсырма. Көру диктанты. Мына сөздердің айтылу, жазылуына назар аударыңыз.    Лексикалық түсініктеме жазыңыз.

Жарғы, барымта, даналық, алауыздық, бірлік, береке.

12-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн! Тұрақты тіркестер (Фразеологизмдер). 

     Тұрақты сөз тіркестері – кемінде екі сөздің тіркесуінен жасалып, мағынасы тұтас, құрылымы тұрақты, даяр қалпында қолданылатын тілдік бірлік. Мысалы: Жерден жеті қоян тапқандай. Инемен құдық қазғандай.
     Бірнеше сөз бірігіп келіп бір ғана мағынаны береді. Олар белгілі бір сөз табына қатысты болады. Мысалы: Көзді ашып-жұмғанша – тез, жылдам (үстеу);  Ит арқасы қиянда – алыста  (үстеу); Иненің көзінен өткендей – жылпос, қу «сын есім).

13-тапсырма. Жоғарыдағы мәтіннен тұрақты тіркестерді оқытушы көмегімен табыңыздар. Олардың беретін мағынасын ашып, дәптерлеріңізге жазыңыздар.

Үлгі: Топтан торай шалдырмас – дес бермес, өрен жүйрік. М, Хас шешеннің белгісі топтан торай шалдырмас (Шешендік сөздер кітабынан).

14-тапсырма. (Үй тапсырмасы). Тұрақты тіркестер сөздігінен бірнеше мысалдар теріп жазыңыз,  мағынасына назар аударыңыз. Қай сөз табына қатысты екенін ажыратыңыздар.

Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:

1.  Ашық рай дегеніміз не?
2.  Тұрақты тіркес дегеніміз не? Мысал келтіріңіз.
3.  Тәуке қай жылы билік басына келді?
4.  Тәукенің жанында қандай атақты билер болды?
5.  Тәуке заманында қандай тұрақты кеңестер жұмыс істеп отырған?
6.  Тәуке қай жылы өмірден өтті?

СӨЖ тапсырмасы: «Қазақ даласының билері» тақырыбына реферат дайындау.
 

Категория: Қазақстан және қазақтар туралы | Добавил: Manager (26 Ноября 2017)
Просмотров: 111 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar