Главная » Статьи » Рефераты на казахском языке » Қазақстан және қазақтар туралы

Дипломат келбеті

 1-тапсырма. Ой шақыру. Пікірлесейік.

 –  Дипломатқа тән қандай қасиеттерді білесіздер?
–    Дипломат болу үшін керек ең басты қасиет қандай?

2-тапсырма. Жаңа сөздермен жұмыс  жасаңыздар.
    
    Сапа, санат, жемісті, мәселелердің түп-төркіні, жан-дүниесінің бейімділігі, тез арада аңлай қою, мансап, құпия, байқампаздық, қанағатшылдық, пайдакүнемдіктен мүлде аулақ болу, саяси құқықтар, сергек те сезімтал.
3-тапсырма. Мәтінді оқыңыз. 

Дипломат келбеті
    
      Талейранның пікірінше дипломатия саласында жемісті жұмыс істеуге қажетті «Жан мен рухтың» сапасы екі санатқа бөлінеді. 
    Бірінші санатқа байқампаздық, қанағатшылдық, пайдакүнемдіктен мүлде аулақ болу, сондай-ақ сыртта жүргенде ұлт атынан сөйлеу аса жауапты міндет екендігін сезінуге және ел ішінде оның саяси құқықтарының сақталуын қадағалауға мәжбүр ететін әйгілі сезім асқақтығы жатады. 
    Екінші санатқа саяси қатынастарды оқып-үйренуге жан-дүниесінің бейімділігі, мәселелердің түп-төркінін дұрыс және тез арада аңлай қою қабілеті, ой-өрісінің кеңдігі жатады. 
    Бәрін бірге алғанда және практика жүзінде өрістетіп көргенде аталмыш қасиеттердің барлығы да дипломатиялық мансаптың рухы мен абыройын құрайды, – деді Талейран 1800 жылы наурызда үкіметке ұсынған дипломатиялық мансап туралы өзінің баяндамасында. 


   Қайтыс боларынан бір жарым ай бұрын (1838 ж. наурызда) Талейран Париж академиясында сөйленген сөзінде оның пайымдауынша үлгі болып табылатын дипломат туралы тағы да айтып өтті. 
   Атап айтқанда, ол сыртқы істер министрінің саяси бөлімі басшысының өзін-өзі ұстауы «қарапайым, түзу, қанағатшыл болуға тиіс; күнделікті күйбеңнен бойын аулақ сала отырып, ол өзін тек қана құпияда ұстайтын істерге арнауға тиіс; оқиғалар мен адамдар туралы анықтама беруге әрқашанда әзір бола отырып, ол барлық шартты үнемі жадында ұстауға, олардың  хронологиялық тәртібі мен уақытын білуге, шарттардың күшті және әлсіз жақтарын, олардың жасалғанға дейінгі барысын және жасалғаннан кейінгі салдарын дұрыс бағалай білуге, ең ақырында, келіссөздердегі негізгі өкілетті адамдардың аттарын, тіпті осы өкілеттілердің отбасылық байланыстарын білуге міндетті» екенін айтты. 


      Сыртқы істер министрінің қасиеттерін атай келіп, Талейран министрге «Өзін-өзі қалай ұстауы керектігін тез сезіне қоятын және қандай да бір келіссөз басталғанға дейін-ақ лайықсыз қылық көрсетіп алмайтындай ерекше сергек те сезімтал болу қажеттігін» айтты, аңқау түрмен сабырлы болу және тіпті өзі айналысатын істі таңдау кезінде  де сақ болу қабілеті қажет, әйтсе де әңгімелесушілерге тосын сауалдар қойған кезінде табиғи қалыпта және кейде аңғал боп көрінгені де дұрыс, бір сөзбен айтқанда, жиырма төрт сағаттың ішінде ол бір сәтке де сыртқы  Істер министрі болмай қалуға тиісті емес».     (З. Күзекова. «Қазақ тілі» кітабынан). 
                                                                                            

4-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. 

1.    Мәтінге жоспар құрыңыз.
2.    Әр абзацты жоспар бойынша әңгімелеңіз.
3.    Сұрақтар қойыңыз.

5-тапсырма. Сөйлемді толықтырыңыз. 

1. Талейранның пікірінше дипломатия саласында жемісті жұмыс істеуге қажетті ...........  сапасы екі санатқа бөлінеді. 
2. Бірінші санатқа ......................екендігін сезінуге және ел ішінде оның саяси құқықтарының сақталуын қадағалауға мәжбүр ететін әйгілі сезім асқақтығы жатады. 
3. Екінші санатқа ............. жатады. 
4. Бәрін бірге алғанда және практика жүзінде өрістетіп көргенде аталмыш қасиеттердің барлығы да дипломатиялық мансаптың .............. құрайды.

6-тапсырма.  Мәтінді оқыңыз. 

      Абылай ханның қазақ мәмілегер-дипломаттарын қалмақ еліне аттандырар кезде сөйлеген сөзі

«... Үлкендеріңді кішілерің сыйлаңдар, көп арасында мына Қазыбек сияқты кішінің де сөзін тыңдаңдар. Өздеріңді жат елдің алдында жақсы елдің баласындай ұстаңдар. Мұндайда қол бастайтын батыр болу да қымбат, жол бастайтын  көсем болу да қымбат, бәрінен де ел тағдырын шешетін шешен болу қымбат. Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан. Елдесе алмай, жауласып кетсек, сендердің олақтарыңның болғаны. Ауыздан шыққан сөз атылған оқпен бірдей, қайтып ала алмайсыңдар. Сөз сөйлегенде ойлап сөйлеу керек» (З. Күзекова, Қазақ тілі). 
7-тапсырма. Мәтінмен жұмыс.

1.    Мәтін не туралы?
2.    Абылай кім?
3.    Қазыбек кім?
4.    «Айтылған сөз атылған  оқпен бірдей» сөзін түсіндіріңіз.
5.    «Олақ» сөзін қалай түсінесіз?
6.    «Салақтан олақ жаман» деген мәтелдің беретін мағынасы қалай?
7.    Абылай мен Талейранның қандай сөзінде үндестік бар?

Дипломатиялық сөздіктен:

       Дипломатиялық қатынастар – халықаралық құқық ережелеріне және халықаралық қатынастар тәжірибесіне сай, мемлекеттер арасындағы ресми қатынастарды ұстаудың негізгі нысаны. 1961 жылғы дипломатиялық қатынастар жөніндегі Вена конвенциясына сәйкес, мемлекеттер арасында дипломатиялық қатынастарды орнату, өзара келісім бойынша жүзеге асырылады. 

Дипломатиялық келіссөздер –  мемлекеттердің өкілдерімен екіжақты немесе көпжақты қатынастарды саяси, экономикалық және басқа мәселелерді ресми талқылау; сыртқы саяси стратегияларды, тактикаларды немесе дипломатиялық акцияларды ұйғару, пікірлермен алмасу, шарттарды дайындау және жасау, даулы мәселелерді реттеу т.б. Дипломатиялық келіссөздерге қатысушылардың деңгейі талқыланатын мәселенің маңыздылығымен анықталады. Мемлекет басшысы, үкімет басшысы, сыртқы істер министрі дипломатиялық келіссөздерді жүргізу және халықаралық шарттарға арнайы өкілеттіксіз қол қоюына құқылы. Басқа ресми тұлғалар дипломатиялық келіссөздерді жүргізу және қорытынды құжаттарға қол қою үшін, міндетті түрде ресми бекітілген өкілеттілікті иемденуі керек (Күзекова З., Тұяқбаев Т. Дипломатиялық сөздік).

8-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн!
 
Көсемше.
     
Көсемше деп сөйлемдегі негізгі қимылдың жай-күйін, жанама қимылды білдіретін етістіктің түрін айтады. Мысалы, Біз келгенде ол жантайып жатыр екен.

Көсемше жасайтын жұрнақтар:
     -ып, -іп, -п түбір етістікке жалғанып, көсемше жасайды. Мысалы, Абай әндетіп, мақамдап оқиды.

      -а, -е, -й түбір етістікке жалғанып, көсемше жасайды. Мысалы, Ол күле сөйледі. Жұмысқа жұмыла кірісті.

      -ғалы, -гелі, -қалы, -келі  жұрнағы негізгі түбір етістіктен көсемше жасайды. Мысалы: кеткелі тұр, оқығалы келдім, айтқалы келді, аяқтағалы отыр.

9-тапсырма. Жоғарыдағы мәтіннен көсемше тұлғалы етістіктерді табыңыз. Қандай жұрнақтар арқылы жасалғанына көңіл аударыңыз.

10-тапсырма. Тірек сөздерді қатыстыра отырып, көсемше жұрнақтарымен сөйлем құраңыздар. Олардың етістіктің қай шағында тұрғанын ажыратыңыз.

11-тапсырма.  Сөздерді сәйкестендіріңіз.

 Отбасылық                                   жұмыс
 Жемісті                                         байланыстар
 Дипломатиялық                           елшіден
 Елдестірмек                                  мансап
 Жауластырмақ                            ел
 Жат                                               жаушыдан

Глоссарий

Дипломатиялық дәреже – дипломаттарға атқарып жүрген қызметтеріне қарай үкімет тарапынан берілетін ерекше белгі. Берілу тәртібі мен реті әрбір мемлекеттің ішкі заңдарына қарай реттеліп отырады.

Тест тапсырмалары

1.    Дипломат кімнің атынан сөйлейді?

А. Отбасының атынан
Б. Ұлт атынан
С. Премьер-министрдің атынан
Д.  Үкіметтің атынан

2. Көсемшелі сөйлемді табыңыз.

А. Өздеріңді жат елдің алдында жақсы елдің баласындай ұстаңдар
Б. Отбасылық байланыстарын білуге міндетті» екенін айтты 
С. Үлгі болып табылатын дипломат туралы тағы да айтып өтті
Д. Қол бастайтын батыр болу да, жол бастайтын  көсем болу да қымбат

3. «Жан мен рухтың» сапасы ........ бөлінеді.

А. Төрт санатқа
Б. Алты санатқа
С. Үш санатқа
Д. Екі санатқа

4.    «Салақтан ......... жаман»

А.  Жалқау
Б.  Пысық
С.  Олақ
Д. Кербез

Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:

1.    Етістіктің қандай түрі көсемше деп аталады?
2.    Көсемше қалай жасалады?
3.    Талейран «Жан мен рухтың» сапасын қанша  санатқа бөлді?
4.    Абылайхан мәмлегерлерге қандай талаптар қойды?
5.    Соңғы мәтіннен көсемше жұрнақтары табыңыз.
6.    Оларды түрлеріне ажыратыңыз.
7.    Дипломат кімнің атынан жұмыс істейді?

 СӨЖ тапсырмасы: «Мен ардақтайтын дипломат» тақырыбына эссе жазу (көлемі 1- 1,5 бет).
 

Категория: Қазақстан және қазақтар туралы | Добавил: Manager (26 Ноября 2017)
Просмотров: 141 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar