Главная » Статьи » Рефераты на казахском языке » Қазақстан және қазақтар туралы

Дипломат - мәмілегер

1-тапсырма.  Дала данышпандарының ойларынан.

1.    Елші арқылы көптеген іс бітеді. Елші арқылы барлық игілікті тірліктер атқарылады (Жүсіп Баласағуни).

2. Қағаны – батыр, ақылгөйі – кемеңгер елдің бағы жанады (Тоныкөк).
3. Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол! (Сұлтан Бейбарыс).
  
1.    Дала данышпандарының ойларын қалай түсіндіңіз? Өз сөзіңізбен баяндаңыз.

 2-тапсырма. Ой шақыру.

1. Елші деген кім?
2. Мемлекетке елші не үшін керек?
3. Қазақ тарихынан белгілі қандай дипломаттарды білесіз?
4. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қандай дипломаттарды білесіз?

Есіңізге сақтаңыз!  10 ақпан –  Халықаралық дипломаттар күні. 

Дипломатиялық сөздіктен:

       Дипломатия, мәмілегерлік –  мемлекеттердің сыртқы саясатын жүзеге асыру құралы. Әскери емес, практикалық іс-шаралар, тәсілдер мен әдістер жиынтығы. Мемлекет пен үкімет басшыларының ресми қызметі, мемлекеттің сыртқы саясатының мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру жөніндегі, мемлекеттің, оның шетелдегі мекемелері мен азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі келіссөздер жүргізу өнері. 

        Дипломатиялық байланыстар – мемлекеттердің басшы лауазымдары мен арнайы өкілеттіктерге ие болған тұлғалар арасындағы жеке байланыстар. Дипломатиялық байланыстар мемлекет басшылары мен үкімет басшылары деңгейінде, сыртқы істер министрлері мен дипломатиялық және басқа да ресми өкілдер деңгейінде ұсталынады. 

       Дипломат – мемлекеттің басқа шетел мемлекеттерімен ресми қарым-қатынасын жүзеге асыру жұмыстарын жүргізетін және оған тиісті арнайы дайындығы бар қызмет тұлғасы.
 
3-тапсырма. Тірек сөздермен жұмыс жасаңыз. Таныс емес сөздерді сөздіктен қараңыз.

     Кеңінен танымал, Төтенше және Өкілетті Елші, қатынастар, тағайындалды, оң шешім, күш-жігер, «көп қырлы» тұлға, марапатталу, жемісті еңбек.

4-тапсырма. Мәтінді оқыңыз. Дипломат – тұлға. Дипломат келбеті.

Еуразия кеңістігінің дипломаты

        Дипломат, инженер, әкім және жазушы.... Осының бәрі бір адам – Тайыр Мансұров туралы, яғни жоғары адамгершілігі мен үлкен ұйымдастырушылық таланты тек  Қазақстанға ғана емес, сонымен қатар одан тыс жерлерге де кеңінен танымал деп айтуға болады. Тайыр Айтмұхаметұлы Мансұровтың дипломатиялық қызметі оның 1994 жылы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалуынан басталды. 1996 жылдың сәуірінде ол  Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды. Ресей мен Қазақстанның екі жақты қатынастарының қалыптасу кезеңінде, оның дамуының жаңа сатысында өз мемлекетінің елшісі болған  Тайыр Мансұров өзін шебер дипломат,  халықаралық істердің тамаша білгірі ретінде көрсетті. 
  Қазақстан Республикасының  Ресей  Федерациясындағы   Елшісі болып 8 жыл жұмыс істеген ол    Қазақстан-Ресей қатынастарын жаңа жағдайларда нығайту мен кеңейтуде бірқатар маңызды міндеттерді шешті.  Мысалы, Байқоңыр ғарыш айлағын тиімді пайдалануға қатысты мәселелер де бар. Біртұтас энергетикалық жүйе құрылды, шекаралық ынтымақтастық жөніндегі міндеттер ұтымды шешілді. Каспий теңізін бөлу мәселесі реттелді. Ресей мен Қазақстан көптеген күрделі халықаралық мәселелердің оң шешімін табуына қол жеткізді. Қазір Ресей-Қазақстан арасында шекара келіспеушілігі  жоқ. 
    Т. Мансұровтың дипломатиялық қызметі кезеңінде бұрынғы кеңестік кеңістікте Шанхай Ынтымақтастық ұйымы мен Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастық тәрізді ірі халықаралық құрылымдар құрылды. Аталған үдерісте ҚР басты өкілі болған Т. Мансұров өзіне қойылған міндеттерді орындауда көп күш-жігер жұмсады.  Сол арқылы өзін нағыз дипломат ретінде көрсете білді. ҚР осы қуатты державамен қатынастарын нығайтуда өзінің дипломатиялық миссиясын ойдағыдай атқарды.
     Т. Мансұровтың достары мен әріптестері оның «көп қырлы» тұлға екеніне ерекше мән берді. Бүгінде ол «Егемендік келбеті. Егемендік әлеуметтік тарих тұрғысынан», «Қазақстан мен Ресей: егемендік, интеграция, стратегиялық әріптестіктің тәжірибесі», «Жаңару дәуріндегі Қазақстан-Ресей қатынастары» тәрізді мазмұнды кітаптардың авторы.
      Ол КСРО-ның Уәкілетті өкілі Нәзір Төреқұловтың өмірі мен дипломатиялық қызметін зерттеуге зор ықылас танытты. Қазақ халқының осы бір көрнекті ұлы туралы «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен бірқатар ғылыми және көркем-әдеби кітаптар жазды.
      «ҚР Бірінші Президенті Н. Назарбаев» орденінің иегері, «Достық», «Құрмет» ордендерінің иегері, Солтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» Т. Мансұровтың есімі «Даңқ кітабына» енгізілген. Ол Ресейдегі жемісті еңбегі үшін ресейлік Халықтар достығы орденімен марапатталған.

      Дипломатиялық қызмет – оңай жол емес, ол айрықша жауапкершілікті және шынайы  патриотизмді талап етеді. Осы  тұрғыдан алғанда нағыз дипломат және өз Отанының патриоты Т. Мансұров өз міндетін абыроймен атқаруда. («Дипломат жаршысы» журналынан).

5-тапсырма. Түсінігіңізді тексеріңіз. Сұрақтарға жауап беріңіз. Өз сөзіңізбен толықтырыңыз.

1.    Т. Мансұров кім?
2.    Т. Мансұровтың дипломатиялық қызметі қалай басталды?
3.    Дипломат Ресей-Қазақстан қатынастарында нендей табыстарға қол жеткізе білді?
4.    Т. Мансұров қандай еңбектердің авторы?
5.    Т. Мансұров кімнің өмірін зерттеді?
6.    Бұл оның қандай қыры?
7.    Дипломат қандай марапаттар алды?

6-тапсырма. Адасқан әріптерден бүгінгі сабағымызға тән терминдерді жазып шығыңыз.

Милпоатд, шентөте әжен ітлөекті шліе, лдипомлақтияы сямиси, тмықныақтасты. 

7-тапсырма. Жағдаяттық тапсырма.

      Сізге алыс шетелге елші болып баруға ұсыныс түсті. Балаларыңыздың болашағы үшін бұл жұмыс сізге пайда  әкеледі. Әйеліңіз бен балаларыңыз барғысы келгенмен, анаңыз қарсы. Сіздің әрекетіңіз?

Сөзіңіз құнарлы болсын!
  Даңқты адамдардың рухына бас иіп, тағзым ету соларға ұқсасам деген тілекті оятады (Тоқсары, б.э.д. V-VII ғғ.)

8-тапсырма. Жаңа сөздерді сөздіктен қараңыз.

Қарым-қатынас, қайраткерлік, еңбек сіңірген, сенім, лауазымды қызмет, құрмет, мақсат-мүдде, қажылық, меңгеріп алған, ұсыныс, нәзік тұстарын, наным-сенімін, тәжірибе-тағлымдама.

9-тапсырма. Мәтінді оқыңыз. Т. Мансұровтың «Елші Нәзір Төреқұлов. Дипломат. Саясаткер. Азамат» кітабы.


Аса талантты тұлға
Нәзір Төреқұлов

     XX   ғасырдың 20-30 жылдарында Сауд Арабиясында Кеңес Одағының өкілетті өкілі болып қазақ Нәзір Төреқұлов қызмет етті. Ол екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас  орнатып, байланыстың дамуына көп еңбек сіңірген. Нәзір Төреқұлов өкілетті елші ретінде үлкен қайраткерлік көрсеткен. Аса сыйлы болғаны сондай, Сауд Арабиясының негізін салушы король Әбдел-Әзиз оны өзіне жақын тартып «інім» деп құрмет көрсеткен. Нәзір Төреқұловтың Кеңес Одағының Хиджаздағы өкілетті өкілі болып тағайындау мәселесіне И. Сталиннің тікелей қарауымен шешілген көрінеді.  Кеңес өкіметінің сеніміне ие болып, мұндай лауазымды қызметке жіберілуі оның бұған дейін де Түркістан республикасының ағарту комиссары, Түркістан Компартиясы Орталық комитетінің төрағасы, КСРО халықтары баспасы басқармасының төрағасы сияқты басшылық қызметтер атқарып, ысылып, елге басшылыққа танылғандығынан болса керек. 
      Нәзір жан-жақты азамат болды. Өзінің алғыр, талапшыл, ізденгіштігінің арқасында қысқа мерзім ішінде араб тілін меңгеріп алған. Сондай-ақ жергілікті діни ғұламалармен теологиялық тақырыпта еркін пікір алмасатындай  дәрежеге  жеткен. Сондағы бүкіл елшілердің атынан корольдің алдында сөз сөйлеу құрметіне ие болған.
      Бұған қоса, түрік тілін жақсы білгендіктен, Түркия елшісі Сенибеймен дос пейілді қатынаста болған. Сол кездегі КСРО мен Түркия арасындағы достық қарым-қатынасты елдің мақсат-мүддесіне пайдалануға тырысқан. Міне, осындай биік парасаты мен беделінің арқасында  Нәзір Төреқұлұлы шетелдік елшілердің ішінен дуайен (көшбасшы) етіп сайланған. Нәзір Төреқұлұлы мұсылман елдеріндегі әдеп пен салт-дәстүрлерді, шариғатты ғана емес, Шығыс елдері үшін дипломатияның өте нәзік тұстарын да жақсы меңгерген. 
      Кеңес Одағы тұсында мұсылмандардың наным-сенімін,  мүдделерін ойлағандықтан,  Нәзір ағамыз КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі бола жүріп, жоғары басшылыққа жыл сайын 10-15 адамның қажылыққа баруына рұқсат етіліп отырса деген ұсыныс білдірген. 
       Нәзір Төреқұлұлы қай нәрсеге де терең тұрғыдан, байыппен қараған. Мысалы, Кеңес елінің Сыртқы істер министрлігіне жазған хатында Шығыстану институтының студенттері Хиджазға келіп, бір жылдық тәжірибе-тағлымдамадан өтіп қайтса деген мәселе көтерген. 
       XX   ғасырдың алғашқы жартысында сегіз жыл бойына (1928-1936) күллі мұсылман үшін қасиетті Мекке қоныс тепкен Сауд Арабиясында Кеңес өкіметінің елшісі болып қазақ  Нәзір Төреқұлұлының қызмет етуі – мақтаныш етуге тұрарлық жайт  (Ислам Жеменей. «Аса талантты тұлға».  Ана тілі газеті. № 52. 6 қаңтар 2010 ж.)

10-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. Түсінігіңізді тексеріңіз.

1. Сіз Нәзір Төреқұлов туралы бұрын естіп пе едіңіз?
2. Нәзір Төреқұлов Сауд Арабиясында қай жылдары еңбек етті?
3. Нәзір Төреқұлов елші болғанға дейін қандай қызметтер атқарған?
4. Нәзір Төреқұлов бойынан  елшіге тән қандай қасиеттерді аңғара білдіңіз?
5. Елі үшін жасаған қандай қызметтерін баса айтуға болады?
6. Қазіргі кездегі қандай дипломаттарымыздың еңбегін айта алар едіңіз?

11-тапсырма.  Мына сөздердің жазылуына, айтылуына  назар аударыңыз!
Тағлымдама, шариғат, қайраткерлік, көшбасшы.

12-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш.  Мұны білгеніңіз жөн!
Етістіктің бұрынғы өткен шағы. 

Бұрынғы өткен шақ  қимылдың бірсыпыра бұрын болғанын білдіреді.
Бұрынғы өткен шақ  мынадай жолдармен жасалады:
А) Етістік түбіріне  -ып, -іп, -п жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Мысалы, Баяғыда ханның  бір сұлу қызы  болыпты (Ертегіден).
Б) Етістіктің  түбіріне -ған, -ген, -қан, -кен жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Мысалы, Мен бұл киноны бұрын көргенмін.
С) Бұрынғы өткен шақ -ген, екен формасымен қимылдың бұрын болғанын нақтылай түседі. Мысалы, Ол кеше келген  екен.  Гүлсім айтқан екен.

13-тапсырма. 

1. Мәтіннен бұрынғы өткен шақты сөйлемдерді табыңыз.
2. Ол сөйлемдерді жедел өткен шаққа айналдырыңыз.

14-тапсырма. 

«Елдестірмек – елшіден, Жауластырмақ – жаушыдан»

–    Мына мәтелдің мағынасын түсініңіз.
–     Өзіңіз қандай мақал-мәтел білесіз?
–     «Жаушы» деген кім?

15-тапсырма. Сөз тіркестерін сәйкестендіріңіз.

1.    Сыртқы істер –                             мәселелер
2.    Достық –                                        қызмет
3.    Шығыстану –                                төрағасы
4.    Экономикалық –                           міндеттер
5.    Орталық комитетінің –                 институты
6.    Халықаралық –                             министрлігі
7.    Оң –                                                қарым-қатынас
8.    Дипломатиялық–                          өкіл
9.    Өкілетті –                                       шешім
10.     Маңызды –                                   Қоғамдастық 

16-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. Дұрыс, дұрыс еместігін табыңыз.

1.  XX   ғасырдың 20-30 жылдарында Сауд Арабиясында Кеңес Одағының өкілетті өкілі болып қазақ Нәзір Төреқұлов қызмет етті.
1.    Нәзір Төреқұловтың Кеңес Одағының Хиджаздағы өкілетті өкілі болып тағайындау мәселесіне И. Сталиннің тікелей қарауымен шешілмеді.  
2.    Нәзір жан-жақты азамат болды. 
3.    Өзінің алғыр, талапшыл, ізденгіштігінің арқасында қысқа мерзім ішінде араб тілін меңгермеген.
4.    Нәзір ағамыз КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі бола жүріп, жоғары басшылыққа жыл сайын 10-15 адамның қажылыққа баруына рұқсат етіліп отырса деген ұсыныс білдірмеді.
5.    Кеңес елінің Сыртқы істер министрлігіне жазған хатында Шығыстану институтының студенттері Хиджазға келіп, бір жылдық тәжірибе-тағлымдамадан өтіп қайтса деген мәселе көтерген. 

 17-тапсырма. Ойнайық та, ойлайық! Мына крассвордты дұрыс шешкенде ортадағы тор көздерден біздің сабағымызға тән термин (дипломат) шығады.

Д                                
    И                        
        П                
        Л                
    О                                    
        М                
    А                
            Т            

1.     Бұрынғы кеңес республикаларының мемлекетаралық бірлестігі
2.     Экспорттық емес  импорттық рұқсатнама 
3.     Киото хаттамасы  1997 жылы қай елде қабылдады
4.     Екі жақты немесе көп жақты халықаралық шарттың атауы
5.     Тауарларды, құндылықтарды және өзге де заттарды мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізу
6.     Қай елде жаңа жыл мейрамында адамдар қолдарына бұтақтар мен таяқтарға бекітілген жасанды гүлдер, қоңыраулар ұстайды?
7.     Қандай гүл жапон халқының ұлттық рәмізі болып табылады?
8.     Халықаралық шарттар атауларының бірі

18-тапсырма. «Дипломатия»  сөзімен тіркесетін сөздерді жазыңыз.

Глоссарий 

Дипломатиялық ерекше пұрсатты жағдай – [ımmunıtas –  тәуелсіздік]  – елшіліктерге, олардың басшылары мен қызметкерлеріне берілетін құқықтық және басқа да жеңілдіктер. Вена конвенциясын сәйкес (1961), дипломатиялық өкілдіктің қызметкерлеріне төмендегідей ерекше пұрсатты жағдайлар жасалады: олардың жеке басына, дүние-мүлкіне, тұрғын үйі мен қызмет  орнына ешқандай қол сұғылмайды. Бұған қоса олар тұрған елдерінде сотқа тартылмайды, салықтан, кедендік бақылаудан босатылады.

Жадыңызда тұтыңыз.
Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлы (1667-1764) – ұлы би. Билік айтып, заң шығарумен айналысқан. Дипломатиялық істерге араласқан. Қазақ халқының рухани көсемі деңгейіне көтерілген рухани тұлға. Елдің тұтастығын, бірлігі мен ынтымағын сақтау, әділдік пен теңдік принциптерін қоғам өмірінің ең басты әлеуметтік-саяси, моральдік-психологиялық ұстыны ретінде дәріптеген («Қазақ афоризмдері» кітабынан).

Тест тапсырмалары

1.    Бұрынғы өткен шақта тұрған сөйлемді табыңыз.

 А. Сауд Арабиясында Кеңес Одағының өкілетті өкілі болып                                 қазақ                       Н.       Төреқұлов қызмет етті
 Б. Т. Мансұровтың достары мен әріптестері оның «көп қырлы» тұлға екеніне ерекше мән берді
С. Бірқатар маңызды міндеттерді шешті
Д. Нәзір Төреқұлұлы қай нәрсеге де терең тұрғыдан, байыппен қараған

2.    Тайыр Мансұров кім туралы кімнің өмірін зерттеді?

А. С.Ф. Фазылов
Б. Талейран
С. Абылайхан
Д. Н. Төреқұлов

3. Т. Мансұровтың есімі қандай кітапқа енгізілген?

А.  «Тамаша адамдар өмірі» кітабына
Б.  «Ұлы адамдар өмірінен» кітабына
С. «Даңқ кітабына»
Д. «ҚР энциклопедиясына»

4. Н. Төреқұлов Сауд Арабиясында қай жылдары қызмет етті?

А.  XX ғасырдың 15-20 жж
Б.  XX ғасырдың 20-30 жж
С.  XX ғасырдың 50-60 жж
Д.  XX ғасырдың 70-80 жж

Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:

1.    Өткен шақ дегеніміз не?
2.    Етістіктің бұрынғы өткен шағы қалай   жасалады? Мысал келтіріңіз. 
3.    Т. Мансұров кімнің өмірін зерттеді?
   4. Н.   Төреқұлов қай жылдары Сауд Арабиясында елшілік қызметте болды?
  5.  Н. Төреқұлов елшілердің арасынан  кім болып сайланды?
  6.  Мәтіннен -ып, -іп формалы өткен шақты сөйлемді табыңыз.

СӨЖ тапсырмасы:  «Қаз дауысты Қазыбектің ашық нотасы» (Жатқа айту).
 

Категория: Қазақстан және қазақтар туралы | Добавил: Manager (26 Ноября 2017)
Просмотров: 90 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar