Главная » Статьи » Рефераты на казахском языке » Қазақстан және қазақтар туралы

Кәрі Каспий мәртебесі

 1-тапсырма. Ой шақыру.

–    Каспий теңізі  туралы не білесіз?
–     Еліміздегі тағы қандай теңіздерді білесіздер?

2-тапсырма.  Сөздікті пайдалана отырып, тірек сөздермен жұмыс істеңіздер.  Одақ, дау, шекаралық шеңбер, теңіз жағалауы, мүдделер, құқықтық  мәртебе, теңіз түбі, тату көршілік, бөліске салу, бастама, 

3-таспырма.  Мәтінді оқыңыз. 
    
      Кеңестер Одағы кезінде  Каспийді Иран мен КСРО 50/50 қағидасы бойынша теңдей бөлісетін. Одақ ыдырағаннан кейін кәрі теңіз жағалаудағы 5 елдің еншісіне тиді. Бүгінгі күні дауға айналған мәселе де – осы «құқықтық мәртебе» мәселесі. Қазақтар жағы шекаралық шеңберді ескере отырып, теңіздің түбін ғана бөліске салуды, ал суын ортақ пайдалануға беруді құп көрсе, өзгелер бұл ұсынысты қабылдауға құлықсыз. Өйткені теңіз түбі бөліске түсер болса, Иранға – 0,9 млрд. тонна, Түркменстанға – 1,5 млрд. тонна,  Әзірбайжанға – 4 млрд. тонна,  Ресейге – 2 млрд. тонна шикізат тиесілі  болмақ. Ең көп «асайтын» – Қазақстан (4,5 млрд. тонна) болмақ.  Демек, Иран бәрінен де көп зиян шекпек. «Майлы жіліктің» басынан қағылу қаупі бар Тегеран  қазақтар мен орыстардың теңіздің түбін ғана бөліске салу туралы барлық бастамасына қарсылық танытудан танбауда. Есесіне, Тегеранның теңізді жағалай қоныстанған 5 мемлекетке теңдей, 20 пайыздан бөлу жайлы ұсынысын өзгелер қостамайды. Сонымен, пікірлер мен мүдделер бір арнаға тоғыспады. Алайда, президенттер екінші рет Иран астанасында өткізілген каспийлік саммитте қордаланып  қалған мәселелерді, әсіресе, құқықтық мәртебеге қатысты  келіспеушіліктерді жоюға ынта білдірді. Тегерандағы саммитте қабылданған декларацияда: «Тараптар  Каспий өңірі бейбітшілік пен тұрақтылықтың, тұрақты эконмикалық даму мен гүлденудің, тату көршілік пен жағалау мемлекеттерінің тең құқықты халықаралық ынтымақтастығының өңірі болуы үшін жан-жақты жәрдемдесетін болады, Олар саяси, дипломатиялық, сауда-саттық, экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық және өзге салаларда көп жақты, сондай-ақ екі жақты негіздерде бір-бірімен өзара тығыз іс-қимыл жасауға бекем бел байлап отыр. Каспий өңірінің бай әлеуетін тиімді пайдалануға ұмтыла отырып және оны дамытудың қолайлы келешегін ескере отырып, Тараптар экономикалық салада, энергетикалық,  көліктік салада диалог пен ынтымақтастықты тереңдететін болады» деп бекітті. Теңіздің құқықтық мәртебесі арнайы қабылданатын конвенцияда көрсетілетін болады. Ал шекара бөлісі айқындалғанға дейін теңіздегі кеме қатынасы, балық кәсіпшілігі режимдері және кемелердің  Каспий жағалауы мемлекеттердің туы астында ғана жүзуі күшінде болуы тиіс екендігімен келісті. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны жеделдетіп  жасау аса маңызды міндет болып табылады» деп мәлімдеді бестік. (Н. Жоямергенова. «Түркістан» газеті).

4-тапсырма. Түсінігіңізді тексеріңіз.

1.     Қаспийді  бұрын қандай мемлекеттер бөлісетін?
2.    Қазір қандай 5 мемлекет Каспийді бөлісуде?
3.    Бүгінгі күні дауға айналып отырған қандай мәселе?
4.    Тараптар қандай келіспеушілікті жоюға тырысты?

5-тапсырма. Жаңа сөздерді сөздіктің көмегімен түсініңіз. 

Пікір қайшылықтары, табиғи байлық, белсенділік,  табиғи газдың қоры, құқық,


6-тапсырма. Мәтіннің жалғасын оқыңыз.
   
      Жасыратыны жоқ, каспийлік кеңестің қазіргі «бас ауруы» – «құқықтық мәртебе.  Басқаша айтқанда теңіз шекарасын әділ жолмен бөліске салу. Теңізді бөлісе алмаған елдер арасындағы  пікір қайшылықтары кейде түрлі қақтығыстарға әкеп соғуы мүмкін. Каспийлік шекара бөлісінде қазақтар мен түркмендер белсенділік танытуда. Себебі, табиғи байлықтың басым бөлігі осы екеуіне тиесілі. Кейбір деректер түркмендер жеріндегі табиғи газдың қорын 2,9 триллион шаршы метрге теңесе, кейбір деректер 20 триллионға дейін жетеді. Еуропалықтардың Түркменстанды Орталық Азиядағы «көгілдір отынды» Батысқа жеткізетін Ресейге балама ретінде қарастыруы тегін емес. Бірақ елдегі  өндірілетін газ бүгінде сыртқа Кремль бақылауындағы құбырлар арқылы экспортталуда. 2003 жылы алдағы 25 жылда ішкі нарықтағы тұтынатын газды түркмендер газының есебінен қамтамасыз етуге құқық алды. Әрине, бұл Ашхабад үшін тиімсіз. Ашхабад энергоқорын Ресейді айналып өтетін Транскаспийлік газ құбыры (ТГҚ) арқылы тасымалдауға мүдделі. 
      Қазақтар мол көлемдегі «қара алтынды» Баку-Тбилиси-ДЖейхан құбыры арқылы жөнелтеді. Қап тауындағы елдерді жағалай отырып, қазақ «қара алтыны» Түркияға, одан әрі еуропалық нарыққа осылайша жеткізілуде. Алайда, Транскаспийлік газ құбыры (ТГҚ) жоспарын іске асыруға қаржылық қиындықтармен бірге теңіз жағалауындағы 5 мемлекеттің «құқықтық мәртебе» мәселесін біржақты ете алмауы кедергі келтіруде. Егер аталған               мәселе шешімін тапса, ТГҚ жобасын қолға алуға мүмкіндік ұлғая түседі. Әрине, газды Иран арқылы да жеткізуге болады. Бірақ  кейінгі кездегі әлемдік саяси сахнадағы  Тегеранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі туындаған даудың кесірінен  көптеген елдер ирандықтарға санкция енгізіп жатыр. Демек, мұндай жобаны қолға алуға кез-келген ел тәуекел ете алмайды. Сарапшылардың пікірінше,  ірі энергетикалық тасымал мемлекетіне айналуға жанталасып жатқан әзірбайжандар газды өз мемлекеті арқылы тасымалдауға түркмендерді көндірсе, онда Каспий төңірегінде орын алған  мүдделер қақтығысы оңай шешілмек.  Бірақ Тегеран мұндай жоспарды қолдамайды. Бұл жағдайда Тегеран барлық пайдадан қағылмақ.  Барлық энергетикалық ағын иран жерін айналып өтіп, АҚШ пен Батыстың орталық азиялық аймақтағы ықпалы артпақ. Тегерандағы басқосуда В.В. Путин: «Мұнай мен газға қатысты кез келген жоба тек 5 мемлекеттің келісімі бойынша жүзеге асуы тиіс» деуі осыған қатысты.
 
7-тапсырма. Мәтінмен жұмыс.

1.     Мәтіннен тірек сөздер мен сөйлемдерді табыңыз.
2.    Мәтінге жоспар құрып, жоспар бойынша түсінігіңізді әңгімелеңіз. 

8-тапсырма. Оқыңыз қызық.

Су жер бетінде болады: өзен, көлдер, теңіздер мен мұхиттар.
Су жер астында болады: құдықтар, тұмалар, бастаулар.
Су ауада болады: тұман, бу, жаңбыр, бұршақ, қар.
Адамның денесінің 2/3 бөлігі судан тұрады.
Кейбір өсімдіктердің 4/5-і судан тұрады (Экологиялық әліппе кітабынан).

–    Суға қатысты тағы да қандай деректерді білесіз?

9-тапсырма. Жаттығу. Сөйлемді толықтырыңыз.

1. Теңізді бөлісе алмаған ....................... кейде түрлі қақтығыстарға әкеп соғуы мүмкін.
2. Каспийлік шекара бөлісінде қазақтар мен түркмендер .............. . 
3. Себебі, ............ осы екеуіне тиесілі. 
4. Кейбір деректер түркмендер жеріндегі табиғи газдың қорын ............. теңесе, кейбір деректер ....... дейін жетеді.
5. Бірақ Тегеран .........  қолдамайды.
6. Барлық энергетикалық ағын иран жерін айналып өтіп, .................  орталық азиялық аймақтағы ықпалы артпақ.
7.  Қазақтар мол көлемдегі «қара алтынды» ................ құбыры арқылы жөнелтеді.
 
Дипломатиялық сөздіктен:

Кондоминиум – (лат. Соn – бірге және domınıum – иелену) – екі немесе бірнеше мемлекеттің бір аумақты бірігіп иемденуі, бірігіп жоғары билік жүргізуі. Кондоминиум бір аумаққа үміткер екі немесе бірнеше мемлекеттер арасында өзге жолмен шешілмейтін қайшылықтарды жою мақсатында белгіленген.

10-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн!

Шартты рай.

     Қимыл-әрекеттің болу иә болмау шартын білдіретін етістікті шартты рай дейміз. Мысалы: Егер ертең ауа-райы жақсы болса, тауға барамын.  Бүгін емтиханды сәтті өтсем, ауылға қайтпақпын.
Шартты рай етістіктің түбіріне -са, -се жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. 
 Шартты райдың жақтық мәні жіктік жалғауының қысқа түрі арқылы беріледі. 

Жекеше                                                 Көпше

Мен бар-са-м                                      Біз бар-са-қ          
Сен бар-са-ң                                       Сендер бар-са-ңдар
Сіз бар-са-ңыз                                   Сіздер бар-са-ңыздар
Ол бар-са                                            Олар бар-са

9-тапсырма. Мәтіннен шартты райлы сөйлемдерді табыңыз. Қандай жұрнақтармен жасалып тұрғанын айтыңыз.

10-тапсырма.     Шартты райдың жұрнақтарымен  сөйлемдер құрастырыңыз.

Тест тапсырмалары

1.    Шартты райлы сөйлем қай қатарда?

А. Демек, мұндай жобаны қолға алуға кез-келген ел тәуекел ете алмайды
Б. Бірақ Тегеран мұндай жоспарды қолдамайды
С. Егер аталған  мәселе шешімін тапса, ТГҚ жобасын қолға алуға мүмкіндік
ұлғая түседі
Д. Әрине, бұл Ашхабад үшін тиімсіз
2.    Жасыратыны жоқ, каспийлік кеңестің қазіргі «бас ауруы» – .... 

А. Пікір қайшылықтары
Б. Аймақтағы ықпал
С. Мүдделер   тоғысы
Д.  «Құқықтық мәртебе»  

3.    Қазақтар   «қара алтынды» ...........       жөнелтеді.

А.  Ресей арқылы
Б. Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы
С. Транскаспийлік газ құбыры арқылы
Д. Ашхабад арқылы

Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:

1. Шартты рай қимыл-әрекеттің несін білдіреді?
2. Шартты рай қандай жұрнақтар арқылы жасалады?
3. Қазақтар қара алтынды қалай жөнелтеді?
4. Тараптардың Каспийді бөліске салу туралы ойлары қандай?
5. Каспийде Ресейдің қандай мүддесі бар?

СОӨЖ тапсырмасы. Слайдты көре отырып, «Каспий экологиясы» туралы пікірлесу.

СӨЖ тапсырмасы:  «Біздің еліміздің су байлығы» туралы әңгімелеу.

Категория: Қазақстан және қазақтар туралы | Добавил: Manager (26 Ноября 2017)
Просмотров: 133 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar