Главная » Статьи » Рефераты на казахском языке » Қазақстан және қазақтар туралы

Мен және қоршаған орта. Өзім туралы. Менің отбасым

1-тапсырма. Тірек сөздерді оқып, мағынасын түсініңіздер. Жазып алыңыздар. 
     Отбасы, ата-әже, туысқан, әке-шеше, аға-іні, қарындас, әпке, ағайын, басқару, демалу, бірлік, ынтымақ, ақылдасу, отбасылық мереке.
   
2-тапсырма. Мына сөйлемді аударып, қалай түсінетініңізді айтыңыз. Отбасы туралы әңгімелесіңіз.

    Отбасында  адам  бойындағы  асыл  қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отанға деген ыстық сезімдер  жақындарына, туған-туыстарына деген сүйіспеншіліктен басталады (Н.Ә. Назарбаев).
    
 3-тапсырма. Ой шақыру.

–    Отбасы деген не?
–    Қалай ойлайсыз, қоғамдағы отбасының ролі қандай?

4-тапсырма. Мәтінді оқып, отбасы тәрбиесі туралы әңгімелеңіз.
   
   Отбасы – әр адамның алтын ұясы. Отбасы – адам баласы өмірінің ең маңызды шағы өтетін орта. Адам баласының шыр етіп өмір есігін ашқан сәттен бастап, ер жеткенше тәрбие алар ортасы, адамзаттың қастерлі де қасиетті ұясы.    Отбасы ұрпақ бойына ұлттық дәстүрлерді қалыптастыруда маңызды орын алады. Ол – адамның жеке басына қажетті адамгершілік қасиеттердің алғашқы дәні себілетін орта.  Қазақ отбасында ұл бала мен қыз баланы тәрбиелеуге үлкен орын беріледі. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген қазақ мақалының мәні өте зор. Отбасында ұл балаға үйдің күрделі, ірі жұмыстарын үйретсе, қыз балаға тамақ істеу, үй ұстау сияқты дағдыларын қалыптастырады (Б. Құлжанова. Ж. Баласағұн отбасы тәрбиесі туралы. Мақала). 

–    Адам  баласы үшін отбасының маңызы қандай?

XI  ғасыр ғұламасы Жүсіп Баласағунидің отбасы туралы ойлары

Ай маңдайлы ұл-қыз туса алдыңда
Үйіңде өсір бөтен жерде қалдырма.
                                                                                             (Жүсіп Баласағуни).
–    XI  ғасыр ғұламасының мына сөздерін қалай түсінесіз?

5-тапсырма. Мәтіндегі аяқталмаған сөйлемдерді аяқтаңыз  және  өз сөзіңізбен толықтырыңыз. 

1.    Отбасы –  ...........        .  2. Отбасы ұрпақ бойына ........    маңызды орын алады. 3. Қазақ отбасында .......... үлкен орын беріледі. 4. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» .........   .  5. Отбасында ұл балаға ..............,  қыз балаға .......... қалыптастырады.

 6-тапсырма.  Сөзіңіз құнарлы болсын! 

     Өнегелі отаудың өрісі кең. Отан отбасынан басталады. Ата – бәйтерек, бала –жапырақ. Ананың сөзі – ақылдың көзі. Келіні жақсының керегесі алтын. Өз үйім – өлең төсегім. Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар.

–    Мағынасын түсіндіріңіз. Нақыл сөзді жаттап алыңыз. Дәптеріңізге жазып алыңыз.
–    Өзіңіз қандай нақыл, бата сөздерді білесіз, мысал келтіріңіз.
–    Орыс және басқа тілдердегі осыған ұқсас мақал-мәтелдерді есіңізге түсіріңіз.

7-тапсырма. Қысқа мәтінді оқып,  қазақ отбасы туралы әңгімелеңіз.

Қара   шаңырақ
       
     Қазақ отбасында кенже ұл шаңырақ иесі болып саналады.   Кенже   ұл отбасындағы  ең  кіші  бала.   Кенже бала өз отбасымен бірге  әке-шешесімен бір шаңырақ  астында тұрады. Кенже  бала – қара шаңырақ иесі. Қара шаңырақ – үлкен үй, әке-шешенің үйі. 

–    Қарашаңырақ деген не?
 –  Қазақ отбасындағы кенже баланың орны қандай?
–    Әке-шеше үйі неліктен  қарашаңырақ деп аталады?

8-тапсырма. Сұрақтарға жауап бере отырып, тірек сөздердің көмегімен өз отбасыңыз туралы  әңгімелеңіз.

А)  Сіздің отбасыңызда қанша адам бар?
Ә)  Отбасында   кім басшы?
Б)   Отбасындағы       экономикалық  мәселелерді кім шешеді?
В)  Қазақтың отбасылық салт-дәстүрлерін ұстанасыздар ма?    
Г)  Сіздің отбасыңыздағы ең негізгі мереке қандай?
Д)  Сіздің отбасыңыздың ерекшелігі?
Е)   Бос уақыттарыңызды қалай өткізесіздер?


9-тапсырма. Мәтінді оқыңыз.

Менің отбасым
    
    Біздің отбасымыз шағын. Әжем, әкем, шешем, әпкем және мен.    Әкемнің мамандығы – заңгер. Шешем – фирмада  есепші. Әжем бұрын дәрігер болған, қазір зейнеткер. Әпкем Т. Жүргенов атындағы театр және  өнер институтының режиссура бөлімінің  3-ші курс студенті. Өзім әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің «Халықаралық құқық» мамандығының 1-ші курс студентімін. Сабағым жақсы, факультеттегі әр түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласамын. Түрлі тіл үйрену курстарына қатысамын.   Бірге оқитын жолдастарыммен достық қарым-қатынасымыз өте жақсы. Менің оқуым мен тәртібімді көбіне әжем қадағалайды. Білмеген нәрселерімді әжемнен сұрап, ақылдасып отырамын.               
    Әке-шешем күндіз жұмыста. Кешке бәріміз дастархан басына жиналамыз. Күндізгі атқарған істеріміз бен шешілуге тиісті мәселелерді ақылдасамыз. Біз туыстарымызбен де жақсы араласып тұрамыз. Сенбі-жексенбі күндері бірге табиғат аясына шығамыз, театрға барамыз,  қонақ шақырып, қонаққа барамыз. Біздің отбасымыз өте тату.


Дала ойшылдарынан.

Бақытты шаңырақ дегеніміз – жалтылдаған сәнді сарай емес, жан-жарыңның, жақын-жораларың мен сүйкімді балаларыңның сыңғырлаған күлкісі, ырысы мен ынтымағы (Анақарыс).

–    Сіз отбасы бақыты дегенді қалай түсінесіз?
–     Отбасы   бақытты болу үшін қандай сезімдер керек?

10-тапсырма.  Жағдаяттық тапсырма.

Сіз лотереядан 1000 000 доллар ұтып алдыңыз. Ол ақшаны отбасының игілігі үшін қалай жұмсар едіңіз?

 11-тапсырма. Отбасы сөзімен тіркесетін сөздерді жазыңыз.

12-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш.  Мұны білгеніңіз жөн! 
Тәуелдік жалғауы. 

Зат есімнің тәуелдік жалғауы – түркі тілдерінің, соның ішінде қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі.      
Заттың меншіктілігін білдіретін жалғауды тәуелдік жалғау дейміз. Тәуелдік жалғаулы сөз ілік жалғаулы сөзбен байланысты болады. Меншікті зат болған жерде ол заттың иесі болады. Ол жақ арқылы көрінеді. Осымен байланысты тәуелдік жалғауы үш жақта, анайы, сыпайы түрде, жекеше, көпше түрде  беріледі.  Мысалы: Менің кітаб-ым, менің шеше-м,  оның бала-сы, сіздің дос-ыңыз.

13-тапсырма. Мәтіннен тәуелдік жалғауларын тауып, оның қандай сөздермен тіркесіп тұрғанын анықтаңыздар.

14-тапсырма. Берілген сөздерді 3 жақта тәуелдеңіз. Осы сөздермен сөйлем құрыңыз.

 Отбасы, шаңырақ, ата, әже, отбасылық дәстүр.  

15-тапсырма. Мәтінді оқып,  III (үшінші)  жақта әңгімелеп беріңіз. 

Өзім туралы
   
    Менің аты-жөнім – Оспанов Берік Жалғасұлы. Жасым он жетіде. Ұлтым қазақ. Қызылорда қаласында туылдым. Отбасымызда алты адам бар: Атам, әжем, әкем, анам, қарындасым және өзім. Әкем – есепші, шешем – балабақшада тәрбиеші. 
     Мен биыл Қызылорда қаласындағы    № 14 орта мектепті алтын белгіге бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім.  Қазір осы университеттің 1-курс студентімін. Болашақта дипломат болып, еліміздің жан-жақты дамып, дамыған белгілі елдердің алдыңғы қатарында болу үшін аянбай еңбек етсем деймін. 
       Университет өмірі мен үшін аса қызық. Сабақ та  аса қызғылықты өтеді. Топ студенттерінің сабаққа деген қызығушылығы өте жақсы. Университетте сабақ  кредиттік жүйе бойынша оқытылады. Ата-анам үйде отырып, менің сабақ үлгерімімді бақылай алады. Мен университетті қызыл дипломмен бітіруді армандаймын.

16-тапсырма.  Туысқандық  атауларды жаттап алыңыз, өз туыстарыңыз туралы «Менің туысқандарым» тақырыбында шағын мәтін құрастырыңыз.

Отағасы, қайын ене,   бауыр, жиен, немере,  құда, қайын аға, қайын іні, балдыз, жезде, кенже бала, келін, нағашы, шөбере, жеңге, сіңілі, күйеу.

17-тапсырма. Қане, пікір таластырайық!

Ер адам – үй тірегі

   Отбасында ер адам – басты тұлға, Үйдің тірегі. Әйел оның серігі, көмекшісі, ақылшысы. Сондықтан да үйдегі бар істі  ер адам басқарып отырады. Әйел адамның жұмысы – бала тәрбиелеу, отбасына қалыпты жағдай жасау, үйді таза ұстап, ерінің қас-қабағына қарау. Балаларын жас кезінен отбасы жұмыстарына икемдеп,   салт-дәстүрлерді бойларына сіңіріп, отбасы мүшелерінің сыйластығын қалыптастыру. Отбасын қаржымен қамтамасыз ету – ер адамның  міндеті. Әйел адамның жұмыс істемегені дұрыс. Себебі, бала тәрбиесіне көп уақыт кетеді. Отбасы ынтымағы ер адамға да, әйелге де байланысты.

–  Сіз қалай ойлайсыз, отбасында ер адам басты тұлға болу керек пе?
–     Әйел адамның жұмыс істегені дұрыс па, жоқ па?
–     «Алтын басты әйелден бақа басты еркек артық» деген мәтелді қалай түсінесіз?
–     Сіздердің анаға, әкеге деген қарым-қатынастарыңыз қандай?

18- тапсырма.  Жұптаңыздар:
                  1. Аға                         1. Күйеу бала
                  2. Іні                           2. Шеше
                  3. Ата                         3. Жезде
                  4. Әке                         4. Келін
                   5. Ата                          5. Балдыз
                   6. Құда                       6. Жеңге
                   7. Қарындас                7. Әже
                   8. Бажа                         8. Құдағи

Глоссарий

Шаңырақ – 1. Киіз үйдің уықтарын біріктіріп, еңсесін көтеріп, тұтастырып  тұратын дөңгелек шеңбер. 2. Әркімнің туған үйі.

Қайын жұрт – әйелінің төркіні күйеуге қайын жұрт.

Нағашы – шеше жағынан туыс адамдар.

Жезде – жасы үлкен апасының күйеуі.

Қарындас – бірге туған ағасынан жасы кіші қыз.

Бөле – апалы-сіңілі адамдардың баларының арасындағы туыстық атау.
 
Тест тапсырмалары
 
1. Қай сөз тәуелдік жалғауын қажет етіп тұр:
 
А. Бала-шаға
Б. Әпке
С. Балам
Д. Қайын жұрт
 
2. Қате жауапты табыңыз.

А. Отбасында ер адам – басты тұлға, үйдің тірегі
Б. Әйел оның серігі, көмекшісі, ақылшысы емес
С. Отбасы ынтымағы ер адамға да, әйелге де байланысты
Д. Әйел адамның жұмысы – бала тәрбиелеу

3. Тәуелдік жалғаулы сөйлемді табыңыз.

А. Біздің отбасымыз өте тату
Б. Мен университетті қызыл дипломмен бітіруді армандаймын
С. Университет өмірі мен үшін аса қызық
Д. Қызылорда қаласында туылдым

Студенттің білімін тексеру үшін бақылау сұрақтары:
 
1.Отбасында адамның  қандай шағы өтеді?
 2. Отбасы қандай орта?
 3. Тәуелдік жалғау дегеніміз не?
4.Тәуелдік жалғауының 1, 2, 3 жақ формаларын атап шығыңыз.
5. Әке, дәптер, ағайын сөздерін тәуелдеп беріңіз.

СӨЖ тапсырмалары:

1.    Қазіргі кездегі қазақ отбасындағы қиын жағдайлар туралы әңгімелеңіз.
2.  Отбасы туралы мақал-мәтелдер жазып, жаттап келіңіз.
3.   Отбасыңыздың басынан өткізген ең қызық оқиғасы туралы әңгіме жазыңыз.
 

Категория: Қазақстан және қазақтар туралы | Добавил: Manager (26 Ноября 2017)
Просмотров: 298 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar