Главная » Статьи » Рефераты на казахском языке » Қазақстан және қазақтар туралы

Тәуелсіз Қазақстанның рәміздері

 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Әнұран. Олардың сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі конституциялық  заңмен белгіленеді. Еліміздің мемлекеттік рәміздерін құрметтеу конституциялық норма болып табылады. ҚР Конституциясының 34-бабында: «Әркім Республиканың мемлекеттік нышандарын  құрметтеуге міндетті», – делінген.    
       «Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Қазақстан аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын  қастерлеуге міндетті».
(Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық Заң күші бар «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандары туралы» жарлығынан) 

Ту – Мемлекеттің өзіне тән ресми белгісі. 
 

 1-тапсырма. Ой шақыру.

1.    Тәуелсіздік деген ұғымды қалай түсінесіз?
2.    Тәуелсіздіктің басты белгілері қандай?
3.    Тәуелсіздіктің адамзатқа берері не?

2-тапсырма. Сөздікті пайдалана отырып, жаңа сөздермен жұмыс істеңіздер. 

Байрақ, нышан, бірлік, аманшылық, тыныштық, кіршіксіз, ниет  тазалығы, кие тұту, Түркі қағанаты, бектері, сүйем жер, таным, көркемдік талғам, зұлымдықтан желеп-жебеу, жомарттық, қырағылық.

3-тапсырма. Мәтінді оқып, мемлекеттік ту туралы әңгімелесіңіз.

    Мемлекеттік нышандардағы әрбір белгінің тиісті ұғым, қасиеттері бар. Туымыздың негізгі элементі – оның ашық аспан түстес зеңгір көк түс екендігінде.  Байрағымыздың  көк аспан түстес түрі қазақтың бірлігін паш етеді,  Қазақстан халқын бір жолды ұстауға, биік те игілікті идея бірлестігіне шақырады. Көк түс – адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны. Тудың бір көгілдір түстілігі бұлтсыз ашық аспан күмбезін еске түсіреді және Зеңгір көк ашық аспан, барлық халық үшін әрқашан бейбітшіліктің, аманшылық пен тыныштықтың белгісі болған.
      Елтаңбатану ғылымы – геральдика тілінде, көк түс адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен бейкүнә пәктіктің нышаны. 
      Мемлекеттік тудағы көк түс Қазақстан халқының өз мемлекетін  құру жолындағы ниетінің тазалығын және маңыздылығын білдіреді.
       Көне түркі елінде, яғни барлық түркі тілдес  халықтар тілінде «көк» сөзі «аспан» деген ұғымды білдіреді. Зеңгір көк түсті кие тұту дәстүрі халқымыздың көне тарихынан белгілі. Түркі қағанаты құрылған VI ғасырдан түркі халқы көк шатыр тігіп, бектері киімді көк түстен киген. Қағанат жұртының «көк түркілер» атануы» «түркілер» деген мағынаны білдірген. Осынау аспан түстес асыл ту астында дұшпанның қабырғасын қайыстырып, кең-байтақ атамекеннің сүйемдейін қызғыштай қорыған қайсарлығымен әлемге танылды. Тарихи танымдық тұрғыдан алсақ, халқымыз алғыс айтса «Тәңір жарылқасын» деп, ренжісе «көк соқсын» дейді. 
      Өрнек
      Өрнек – белгілі бір дәуірдің өзіне тән қолтаңбасы, ол халықтың көркемдік талғамының көрсеткіші. Қазақтың ұлттық ою-өрнегінің ең көп таралған түрі зооморфтық өрнек –  «қошқар мүйіз». Ерте кезде халық ою-өрнектің бойынан адамды зұлымдықтан желеп-жебеп, қорғайтын керемет күш көрген.
     Күн
     Күннің нұр шұғылалы алтын бейнесі байлық  пен берекенің, тыныштықтың нышаны. Күн – уақыттың, мәңгілік қозғалыстың, даму мен  өркендеудің белгісі,  батыс пен шығыстың символы. Күн – уақыт өлшемі.
    Сары түс – қымбат асыл металдың, байлықтың, алтынның, ай мен күннің,  түпсіз тұңғиық  қараңғылықтан шашырап шыққан жарықтың, одан жаратылған ғарыштың түсі. 
      Бүркіт
      Аспан мен күнге жақындап, шарықтай ұшатын құс патшасы, қыран бүркіт аса қасиетті де құдіретті. 
      Қыран  кең дала биігінде жеке-дара ұшады. Осыдан барып, бүркіт бейнесіне айбындылық,  тәуелсіздік, тәкаппарлық, маңғаздық, қырағылық пен намысқойлық тән, сол себепті де ол көрегендікті, қырағылықты және  болжағыштықты білдіреді.
Қанатын жайған қыран бүркіт – еркіндік пен  қайрат-жігер, биік мұрат пен кең пейілділік, жан тазалығының, ой-ниет  биіктігінің нышаны. 

4-тапсырма. Мәтінмен жұмыс.
 
1.    Мәтіннен өзіңізге ұнаған абзацты бөліп алып, өзіңізше тағы да толықтырыңыз.
2.    Тағы да қандай елдің туларын білесіздер?
3.    Басқа елдер туларында біздің туымызбен ұқсас белгілер байқадыңыз ба?

5-тапсырма. Түсінігіңізді тексеріңіз,  сұрақтарға жауап беріңіз.

1.    Геральдика заңы бойынша көк түс нені білдіреді?
2.    Түркі қағанаты заманында көк түс нені білдірген?
3.    Қалай ойлайсыз, туда не үшін ұлттық өрнек бейнеленген?
4.    Қазақ халқының өмірінде қыран бүркіттің тағы да қандай рөлі  бар?
5.     Сары түс нені бейнелейді?
6.    Жеті қазына туралы білесіз бе?

6-тапсырма.  Дұрыс, дұрыс еместігін тексеріңіз.

– Байрағымыздың  көк аспан түстес түрі қазақтың бірлігін паш етеді,  Қазақстан халқын бір жолды ұстауға, биік те игілікті идея бірлестігіне шақырады.
– Көк түс – адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны емес.
– Қағанат жұртының «көк түркілер» атануы» «түркілер» деген мағынаны білдірмеген.
– Күн – уақыттың, мәңгілік қозғалыстың, даму мен  өркендеудің белгісі,  батыс пен шығыстың символы емес.
– Осыдан барып, бүркіт бейнесіне айбындылық,  тәуелсіздік, тәкаппарлық, маңғаздық, қырағылық пен намысқойлық тән, сол себепті де ол көрегендікті, қырағылықты және  болжағыштықты білдіреді.

7-тапсырма. Адасқан сөздерден дұрыс сөйлем құрастырыңыз.

1.  Тудағы,  өз мемлекетін,  көк түс, білдіреді, Мемлекеттік,  Қазақстан халқының, ниетінің тазалығын және маңыздылығын, құру жолындағы.
2.  Тән қолтаңбасы,  Өрнек,  көркемдік талғамының, белгілі бір дәуірдің,  көрсеткіші, өзіне, ол халықтың.
3.   Тыныштықтың,  күннің, байлық  пен берекенің, нұр шұғылалы,  алтын бейнесі, нышаны.
4.  Биіктігінің нышаны,  қанатын,  ой-ниет,   бүркіт,  жайған қыран,  еркіндік пен  қайрат-жігер, биік мұрат пен кең пейілділік, жан тазалығының. 
 
8-тапсырма. (сабақтың жалғасы). Тірек сөздер. Сөздікті пайдалана отырып, жаңа сөздермен жұмыс істеңіздер. 

Дәстүр, елтаңба, шаңырақ, кереге, босаға, қос пырақ, кие, халық даналығы, тұлпар, уық.
 
9-тапсырма. Пікірлесейік, ой бөлесейік!

–    Біздің еліміздің елтаңбасына ұқсас тағы да қандай елдің елтаңбаларын білесіздер? Салыстырыңыз.
–    Елтаңбадағы белгілер  туралы өз беттеріңізше айтып беріңіз.
–    Елтаңбадағы белгілер қандай философиялық ойға негізделген?

10-тапсырма. Мәтінді оқып, елтаңба туралы әңгімелесейік.
Елтаңба.  
 
       «Герб» деген термин, немістің «Erbe» мұра, поляктардың «herb» белгі деген  сөзінен шыққан. Дәл осы ұғымды, өз тіліміздегі «таңба» сөзі анық жеткізеді.  Яғни: мұралық ерекшелік белгі – ел иелерінің тарихи дәстүрлеріне бейнелі түрде мән-мағына беретін заттар мен бейнелердің таңбасы. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасында, көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыз әңгімелердегі пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның жоғарғы жағында  бес бұрышты жұлдыз орналасқан, ал төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар. 
       Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының реңдік бейнесі екі түсті – алтын және көгілдір.
      Шаңырақ
       Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының ең басты жүгін көтеріп, оған негізгі арқау болып тұрған – шаңырақ. Шаңырақ – әлемнің тұтастығын, ошақтың бірлігін білдіреді. Қазақта «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік» болсын деген ұғымдар бар. Шаңырақ, кереге, босаға – бұл үш ұғым – елдіктің сиволы. 
Шаңырақ бейнесі – Қазақстанды мекендейтін барлық адамдардың ортақ отбасының, ортақ үйінің нышаны. Шаңырақтың беріктігі оны көтерген уықтарға қалай байланысты болса, ондағы бақытты өмір әрқайсымыздың жайлы тұрмысымызға байланысты.
Шаңырақ  – қоғам үшін басты біріктіруші  ұғым нышаны. Шеңбер – шексіз өмір мен тіршіліктің белгісі. Шаңырақ әлемдік геральдика тарихында тұңғыш рет қолданылып отыр. 
      Тұлпар 
      Елтаңбада қыран қанатты қос тұлпар – қос пырақ бейнесі бедерленген. Қанат – асқақ арманның нышаны. Бұл жерде ол еңсесі биік, дәулеті тасыған тәуелсіз мемлекет құру жөніндегі ел мұратын еске салады. Қанатты тұлпарлар – табиғи тілектердің қоғамдағы әр түрлі  мүдделермен және ғаламдық өркениет үміттерімен  үйлесімін табуға деген ұмтылысы мен ізгі ниеттердің де көрінісі.
Биікке ұмтылу, дамудың төменгі сатысынан жоғарғысына дейін көтерілу – әлемдік  өркениет мұраттарының бірі. 
     Қазақта «Жүйрік ат  – ердің қанаты» деген мақал бар. Жылқыны кие тұтқан қазақ оны ер қанаты деп білген. Қос мүйізді тұлпарлар – символикалық ұғым. Мүйіз қазақ ұғымында өте қасиетті. «Көз тимей, бәле-жәледен сақтасын» дегенді білдіреді. Мүйіздегі жеті буын халық даналығындағы қасиетті жеті санымен байланысты. Тұлпар – күннің, қозғалыстың, тұрақтылықтың символы. Ол – биік арманның, шығармашылық шабыттың, қажырлылық пен қайраттылықтың нышаны.
      Жұлдыз
       Елтаңбаның маңдайшасына бес бұрышты жұлдыз салынған. Ол – микрокосмос пен адамның белгісі. 
      Әр адамның өміріне бағдар беретін өз жұлдызы болады. Осындай жұлдыз мемлекетке де қажет.  Біз де өз мемлекетіміздің жұлдызы жарық, әрі биік болатынына, әрбір қазақстандық азамат, сол жұлдыздың салған жолына сеніп, қиын уақытта оны бағдарға алып, әрқашан жаңа жолға, болашаққа жетелейтініне сенім артуымыз керек.

Әнұран
       Әнұран, гректің «hunos» –  салтанатты ән, ұран - деген сөзінен шыққан. Мемлекеттік әнұран халық жүрегінің лүпілін танытып, адамдарды  патриоттық сезімге бөлейтін музыкалық бойтұмар іспеттес. Оның әуенінен Отанға деген сүйіспеншілік, ата-мекенге шексіз берілгендік аңғарылса, сөзінен рухани жан-дүниемізді танытар ұлттық қасиетіміз бен бейбіт пейіліміз, досқа ашық құшағымыз, еркіндікке құштар кең көңіліміз жақсы көрініс тапқан. Мемлекеттік әнұран –  егеменді еліміздің Туы мен Елтаңбасының сазды баламасы.

11-тапсырма. Түсінігіңізді тексеріңіз.

1.    Герб сөзінің мағынасы қандай?
2.    Шаңырақ бейнесінің беретін мағынасы қандай?
3.    «Жүйрік ат  – ердің қанаты» деген мақалды қалай түсінесіз?

Дипломатиялық сөздіктен:

Мемлекеттік әнұран – мемлекет егемендігінің нышаны, мемлекеттік ресми шаралар, мерекелік салтанат кезіндерінде,  шетелдік мемлекеттік делегацияларды қарсы алу және шығарып салу кездерінде орындалады.

12-тапсырма. Сөзіңіз құнарлы болсын!  Мақал – сөздің мәйегі.

1.    Ат қадірін білмесең, жаяушылық көресің.
Ас қадірін білмесең, ашаршылық көресің.
2.    Жылқы – малдың патшасы.

–    Өзіңіз қандай мақал-мәтел білесіз? 

13-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн!

Табыс септігі.  (Ілік септігін қайталау). 

Табыс септіктегі сөз қимылдың нысанын (объектісін) білдіреді. Мысалы: Өлеңді айт, кітапты оқы, тамақты же. 

14-тапсырма.

–  Мәтіндердегі табыс, ілік  септік жалғаулы сөздерді табыңыз. 
–    Табыс, ілік жалғаулы сөздердің қандай сөздермен тіркесіп тұрғанын анықтаңыздар.


15-тапсырма. Көп нүктенің орнына ілік, табыс септіктің бірін қойыңыз.

1.    Мемлекеттік нышандардағы әрбір белгі... тиісті ұғым, қасиеттері бар.
 2. Туымыз... негізгі элементі – оның ашық аспан түстес зеңгір көк түс екендігінде. 
3.  Байрағымыз....  көк аспан түстес түрі қазақтың бірлігі...  паш етеді,  Қазақстан халқы...       бір жолды ұстауға, биік те игілікті идея бірлестігіне шақырады. Көк түс – адалдық..., кіршіксіз тазалық пен пәктік....  нышаны. 
 4.  Мемлекеттік тудағы көк түс Қазақстан халқы.... өз мемлекетін  құру жолындағы ниетінің тазалығы... және маңыздылығы...  білдіреді.
 5.    Өрнек – белгілі бір дәуір...  өзіне тән қолтаңбасы, ол халық...  көркемдік талғамы....  көрсеткіші.   
  6. Осыдан барып, бүркіт бейнесіне айбындылық,  тәуелсіздік, тәкаппарлық, маңғаздық, қырағылық пен намысқойлық тән, сол себепті де ол көрегендік.., қырағылық...     және  болжағыштық...  білдіреді.
 7. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасында, көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген, шаңырақ... айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыз әңгімелердегі пырақтар қанаты көмкеріп тұр.    
 8. Бұл жерде ол еңсесі биік, дәулеті тасыған тәуелсіз мемлекет құру жөніндегі ел мұраты....       еске салады.    
9.  Биікке ұмтылу, дамудың төменгі сатысынан жоғарғысына дейін көтерілу – әлемдік  өркениет мұраттары........   бірі. 
 10.   Әнұран, гректің «hunos» –  салтанатты ән, ұран - деген сөзінен шыққан. Мемлекеттік әнұран халық жүрегінің лүпілі.... танытып, адамдарды  патриоттық сезімге бөлейтін музыкалық бойтұмар іспеттес. 
11. Оның әуенінен Отанға деген сүйіспеншілік, ата-мекенге шексіз берілгендік аңғарылса, сөзінен рухани жан-дүниеміз... танытар ұлттық қасиетіміз бен бейбіт пейіліміз, досқа ашық құшағымыз, еркіндікке құштар кең көңіліміз жақсы көрініс тапқан.  

16-тапсырма.  Адасқан сөздерді дұрыс орналастырып, сөйлем құраңыз.

1.    Маңдайшасына, салынған, жұлдыз, бес бұрышты, Елтаңбаның. Ол – белгісі микрокосмос пен адамның. 
2.    Ортақ үйінің Шаңырақ бейнесі – Қазақстанды, ортақ отбасының, мекендейтін, барлық адамдардың,    нышаны.
3.    Тудағы, Мемлекеттік, көк түс, өз мемлекетін,  білдіреді,  Қазақстан халқының, тазалығын, құру жолындағы, ниетінің және маңыздылығын.
4.    Күннің,  тыныштықтың,  нұр шұғылалы, нышаны, алтын бейнесі байлық  пен берекенің.
5.     Батыс пен шығыстың, Күн – уақыттың, мәңгілік қозғалыстың, даму мен  өркендеудің белгісі,  символы. 
6.    Өлшемі, Күн – уақыт.
7.  Сары түс – қымбат асыл металдың, байлықтың, алтынның, ай мен күннің,  түпсіз тұңғиық  қараңғылықтан шашырап шыққан жарықтың, одан жаратылған ғарыштың түсі. 
8. Символы – тұрақтылықтың, күннің, қозғалыстың,  Тұлпар. 
9. Шығармашылық шабыттың, нышаны,  ол – биік арманның,  қажырлылық пен қайраттылықтың. 
10. Шаңырақ  – басты, ұғым, біріктіруші,  қоғам үшін, нышаны.

17-тапсырма.  Жадыңызда тұтыңыз!

Қазақстан Республикасы туының авторы – Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков.
Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері. Қазақстан дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі. 

Қазақстан Республикасы елтаңбасының  авторы – Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан.  
Қазақстанға еңбек сіңірген сәулетші, Республика Мемлекеттік сыйлығының иегері. Белгілі қоғам қайраткері.  
Жандарбек Мәлібеков.
Суретші.
Қазақстан Республикасы әнұранының  авторлары – Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, әнін жазған – Шәмші Қалдаяқұлы Қалдаяқов.

Жұмекен  Сабырұлы Нәжімеденов – көрнекті ақын, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты.

Шәмші  Қалдаяқұлы Қалдаяқов – көрнекті сазгер, Қазақстанның халық әртісі,   Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты.

18-тапсырма. «Мемлекет» сөзімен тіркесетін сөздерді жазыңыз. Сөйлем құраңыз.

Сөз тіркестерін сәйкестендіріңіз.


Қыран                ~                   бүркіт
Тәуелсіз             ~                   қозғалыс
Көркемдік          ~                   сезім
Ер                       ~                   қанаты
Қанатты             ~                  өркениет
Ғаламдық           ~                   талғам
Патриоттық        ~                тұлпарлар
Тарихи                ~                  танымдық
Мәңгілік              ~                  Қазақстан
Тест тапсырмалары
 
1.    Қазақ елі туының түсі қандай?

А.  Сары 
Б.  Қызыл 
С. Жасыл
Д. Көк

2. Ұлттық өрнек ..... білдіреді?

 А. Салт-дәстүрді
 Б.  Әдет-ғұрыпты
 С.  Бақытты ғұмырды
 Д.  Көркемдік талғамын

3.Табыс септігін керек етіп тұрған сөз тіркесі қайсысы?

А. Қайраттылық...  нышаны
Б. Пәктік....  нышаны
С. Мұраттары........   бірі
Д. Жан-дүниеміз... танытар

4.    Ілік септікті сөйлем қай қатарда?

А. Басты біріктіруші  ұғым нышаны
Б. Бұл үш ұғым – елдіктің сиволы. 
С. Қыран бүркіт аса қасиетті де құдіретті. 
Д. Отанға деген сүйіспеншілік.

Студеннттердің  білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:
 
1.    Қазақ тілінде қанша септік бар?
2.    Табыс септігі дегеніміз  не? Табыс септігінің  қосымшалары қандай?
3.    Мемлекеттің егемендігін танытатын басты белгілері не?
4.    Тудағы көк түс нені білдіреді?
5.    Шаңырақтағы пырақ ненің символы?
6.    Қазақ халқының өмірінде жылқы түлегінің алатын орны қандай?

СОӨЖ тапсырмасы: «Мемлекеттік тулар» тақырыбына дөңгелек үстел өткізу.

СӨЖ тапсырмасы: «Менің Қазақстаным – менің мақтанышым» тақырыбына шағын шығарма жазу (көлемі 1, 1,5 беттік).
 

Категория: Қазақстан және қазақтар туралы | Добавил: Manager (26 Ноября 2017)
Просмотров: 171 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar