Главная » Статьи » Рефераты на казахском языке » Экология

Табиғи ресурстар және олардың классификациясы

 

Табиғи ресурстар - адамның өз мұқтажын қамтамасыз ету және көздеген мақсатына жету үшін пайдаланатын қоршаған ортадағы заттардың, құбылыстардың, табиғи денелердің жиынтығы. Оларға ауа, күн, жел, су, жер, орман, табиғи құрылыс материалдары, пайдалы қазбалар және т.б. жатады.

Табиғи ресурстардың бірінші белгісі - олардың түрі. Бұл белгіге сәйкес олар табиғи құбылыстар (күн энергиясы, жел, мұхиттардағы су деңгейінің көтерілуі мен судың қайтымы), өсімдіктер әлемі, жануарлар әлемі, табиғи заттар (су, ауа, топырақ) және пайдалы қазбалар (мұнай, алтын, т.б. әртүрлі рудалар) болып бөлінеді. Сонымен қатар пайдалы қазбалар пайдалануға дайын (көмір, бағалы тастар, тұз) және өңдеуді қажет ететін (мұнай, синтетикалық тыңайтқыштар) болуы мүмкін.

Табиғи ресурстардың екінші белгісі - олардың қоры. Бұл белгісі бойынша оларды сарқылатын және сарқылмайтын деп бөледі.

Сарқылмайтын табиғи ресурстар - табиғатты ұзақ пайдалану кезінде саны мен сапасы өзгермейтін немесе аздап қана өзгеретін табиғи физикалық құбылыстар және денелер. Мұндай ресурстарға Күн энергиясы, жел энергиясы, қозғалыстағы су энергиясы, жер қойнауы энергиясы жатады. Қоршаған ортаның ауасы мен суы саны бойынша өзгермеуі мүмкін, бірақ адамның тіршілігі барысында сапасы төмендеуі әбден мүмкін. Бұл табиғи байлықтар қазіргі таңдағы техника мен технологияның көмегімен (су, шаң, газ тазалау, сондай-ақ санитарлық-гигиеналық шаралар) сарқылмайтын бола алады.

Сарқылатын табиғи байлықтар - табиғатты пайдалану барысында саны мен сапасы өзгеретін табиғи физикалық құбылыстар және денелер.

Үшінші классификациялық белгі - сарқылатын табиғи байлықтардың орнына кайта келуі. Бұл белгісі бойынша сарқылатын байлықтардың мынадай түрлері бар:

- қалпына келетін -өсімдіктер, жануарлар және микроорганизмдер әлемі;

- қалпына келмейтін - миллиондаған жылдар бойы жер қойнауында түзілген пайдалы қазбалар (қара, түсті, асыл және сирек кездесетін, радиоактивті металдар рудалары, мұнай, газ және т.б.);

- салыстырмалы қалпына келетін - пайдалануға қарағанда орнына қайта келуі баяу жүретін ресурстар (құнарлы қара топырақ, үлкен жастағы ағаштар - секвойя, баобаб және т.б.).

Сонымен қатар бұл құбылыстардың қандай масштабта: планетада, үлкен аймақта (континент), жеке географиялық ауданда немесе белгілі бір экожүйеде жүріп жатқанын ескерген жөн. Мұндай әртүрлі масштабта қарастыру кезінде табиғи байлықтың бір түрі сарқылатын да немесе сарқылмайтын да болуы мүмкін (1-cypem).

 

 

1-cypem. Табиғи ресурстардың классификациясы

 

Жоғарыда айтылғандай, табиғатты пайдалану - қоршаған орта байлығын адамның тіршілігі үшін пайдалануы. Адамның табиғатты пайдалануы төрт түрлі: тіршілігін қамтамасыз ету, шаруашылық-экономшалық, денсаулық үшін және мәдени тұрғыдан болады. Оның ішіндегі ең бастысы тіршілігін қамтамасыз ету болып табылады. Яғни, тыныс алу үшін ауаны пайдалану, шөлін басу үшін су ішу, тамақтану үшін өсімдіктер мен жануарлар әлемін пайдалану.

Шаруашылық-экономикалық түрі де адам үшін тек пайдалану болып табылады. Экономика субьектілері (фабрикалар, заводтар, ауылшаруашылық өндіріс орындары) табиғи ресурстарды пайдалана отырып адам үшін күнделікті қажетті тауарларды өндіреді.

Ауруларды емдеу және профилактика шаралары үшін де табиғи ресурстарды (тау ауасы, емдік балшықтар, минералды су көздері) пайдалана отырып адам денсаулығын түзейді.

Адамның мәдени және танымдық қажеттіліктерін өтеу үшін табиғат сұлулығы мәдени тұрғыдан да пайдаланылады. Сондықтан да табиғат сұлулығын көру үшін Жер шарының көптеген жерлеріне туристер ағылып келіп жатады.

Табиғатты тиімді пайдаланудың мынадай ерекшеліктері бар:

- табиғи байлықтарды пайдалану оларды орнына келтірумен қатар жүруі керек (орнына қайта келетін табиғи байлықтар үшін);

- табиғи байлықтарды кешенді пайдалану;

- табиғи байлықтарды қайта пайдалану;

- табиғатты қорғау шараларын жүргізу;

- қоршаған табиғи ортаға антропогендік қысымды азайту үшін жаңа технологияларды ендіру.

Жер қойнауындағы ресурстарды пайдалану қарқыны алдағы уақытта төмендемейтін болса, олардың қоры азаятыны сөзсіз. Ғалымдардың болжамы бойынша, мысалы, алюминий рудасының қоры 500-600 жылға, темірдікі - 150, мырыштыкі - 200-230, қорғасындыкі - 20-30 жылға жетеді екен. Осындай дағдарыстан шығу үшін ресурстар қорын үнемді пайдалану, сақтау және жаңа қорларын барлау, қайтара пайдаланатын шикізатты қолдану, металл сынықтарын қайта өңдеу, құнды және сирек кездесетін металдарды, істен шыққан аспаптарды қайта жөндеу және тағы да басқа шараларды іске асыру қажет.

Табиғатты тиімді пайдалану ережесінің бұзылуы салдарынан қалпына келмейтін ресурстардың қатарына соңғы уақытта тұщы су, оттегі және т.б. қосылды. Себебі бұлардың пайдалану, шығындалу қарқыны табиғаттың өздігінен қалпына келу қарқынынан асьш кетуде.

Топырақ - барлық материалдық игіліктің негізі, ал оның негізгі қасиеті - оның құнарлылығы. Топырақтың түзілуі өте күрделі, әрі ұзақ жүретін процестердің бірі. Топырақтың құнарлылығын анықтайтын қарашіріндінің негізгі мөлшерін жинақтайтын 1 см қалыңдықтағы беткі қабатының түзілуіне 100 жылдай, 20 см қабат қалыңдығының түзілуіне кемінде 5-7 мың жылдай уақыт қажет. Ал осы қабатты жоюға түзілу мерзімімен салыстырғанда көп уақыттың қажеті де жоқ, ең әрі кеткенде бірнеше жылда (жедел эрозия нәтижесінде 20-30 жылда) құнарлылығынан айыруға болады. Топырақты өңдеуге дұрыс технология қолданбау, ауыл шаруашылығын экстенсивті түрде жүргізу, ормандар алқабының қысқартылып отырылуы су және жел эрозия процестерінің күшеюіне алып келеді.

Сонымен, топырақ қалпына келетін ресурс болғанымен, оны тек қатаң қолдану тәртібі арқылы ғана қалпына келтіріп немесе бұзбай отыруға болады. Атап айтсақ, дүние жүзінде әр адамға шаққаңда өңделетін топырақтың мөлшері 0,28 гектарды құрайды. Ресейде әр адамға шаққанда келетін егістік жердің көлемі 0,94 га, АҚШ-та - 0,3 га, Қытайда - 0,1 га, Германияда - 0,15 га, Ұлыбританияда - 0,13 га, Жапонияда - 0,04 га, Қазақстанда -2,25 га. Жарамды жер көлемі барлық елдерде жылдан-жылға азаюда.

Соңғы 400 жылдың ішінде Жер бетінен құстар мен сүтқоректі жануарлардың 130 түрі жойылып кеткен. Қызыл кітапқа жыл сайын жойылуға жақын жануарлар мен өсімдіктердің бірнеше түрлері енуде. Атап айтқанда, қазірдің өзінде жойылуға жақын жоғары сатыдағы өсімдіктер, омыртқалы жануарлар мен кейбір жәндіктер түрлерінің саны 10 мыңнан асып отыр. Кейбір жануарлар түрі тек хайуанаттар бағында ғана сақталған.

Қазіргі кезде дүние жүзінде 2,5 млн-ға жуық биологиялық түрлер белгілі. Оның 74% тропикалық белдеуде, 24% қоңыржай аймақта болса, тек 2% полярлық белдеуде таралған. Дегенмен бұл деректер әлі толық емес. Соңғы жылдардағы дүниежүзілік ғылыми-техникалық прогресс нәтижесінде адам қоғамының табиғатқа зиянды әсерлерінің көбеюінен түрлер саны жыл сайын азаюда. Қазіргі таңда дүние жүзінде жыл сайын 1-ден 10-ға дейінгі жануарлар түрлері жойылса, апта сайын бір өсімдік түрі жойылады екен. Ал өсімдіктің бір түрінің жойылуы ұсақ жәндіктердің бірнеше түрлерінің жойылуына алып келеді. Бұл жағдай әлемдегі биологиялық тепе-тендікті бұзып, көптеген экологиялық теріс жағдайларға әкеледі.

Салыстырмалы түрде қалпына келетін ресурсқа табиғи ресурстардың маңызды түрлерінің бірі - орман ресурстарын да, әсіресе ағаштарды жатқызуға болады. Біздің планетамызда орман алқаптары азаюда. Оның бірден-бір себебі - ағаштарды кесу, ауыл шаруашылық дақылдарына және жайылымдарға жер дайындау. Ауыл шаруашылық дақылдарын егуге жер дайындау үшін Африкадағы тропикалық ормандардың 70%, Азиядағы ормандардың 50%, Америкадағы тропикалық ормандардың 35% жойылған. Орман алқаптарының қысқаруы көптеген елдерде, сонымен қатар Ресейде, Қазақстанда (Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақсган облыстарында сексеуілді кесу мен Солтүстік пен Шығыс облыстардағы өрттер) қарқынды жүруде. 1980 жылдары тропикалық ылғалды ормандар 11,3 млн гектарға жойылса, 1990 жылдары 16,8 млн-ға, 2000 жылы 19,4 млн гектарға жетті. Бұл көрсеткіштер орманның табиғи және жасанды жолмен қалпына келу қарқынынан асып түседі. Орта есеппен 10 га оталған орманға 1 га ғана орман ағаштары отырғызылады. Жыл сайын жер бетіндегі ормандардың жалпы ауданы 1,5-2%-ға азаюда. Егін шаруашылығының дамуына дейін әлемде 6,2 млрд. гектар орман болса, қазір оның 4,0 млрд. гектары ғана қалған. Сондай-ақ соңғы жылдары ормандар экожүйесіне атмосфералық ауаның ластануы да қолайсыз әсер тигізуде.

 

Категория: Экология | Добавил: Manager (31 Декабря 2014)
Просмотров: 20183 | Рейтинг: 4.3/13
Всего комментариев: 0